
Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпір құрылысының барысымен танысты. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз ететін болады. Көпірдің ашылуы келесі жылға жоспарланып отыр.

Осы жылдың тамыз айында Ұлы дала даңғылындағы жаңа көпір пайдалануға берілген болатын. Ол Мәңгілік ел даңғылындағы, А. Байтұрсынов, Р. Қошқарбаев, Ж. Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova City ауданындағы және «Мыңжылдық» аллеясындағы көлік ағынын сейілтуге септігін тигізіп, «Нұрлы жол» вокзалына, Тельман және Промышленный елді мекендеріне, Жұмабаев даңғылы мен Жүргенов көшесіне жету мүмкіндігін айтарлықтай арттырды.

Сол сияқты осы айда А62 көшесінде (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі аралық) қозғалысты ашуды жоспарлап отыр екен. Бұл көше Қарағанды тас жолы, «Нұрлы Жол» вокзалы мен қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етпек.

Сонымен қатар, Алтай Көлгіновтің айтуынша, соңғы жылдары 400-ден астам көше жөнделген. Олардың жартысы тығыз елді мекендерде орналасқан. Оған дейін Кешенді көлік схемасының (ККС) тұжырымдамасы бекітілген көрінеді. Ол тұрғындардың жыл сайынғы өсімін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік бермек.
Абзал Ибрагим,
Астана