
Қала тұрғындарының демалыс уақытын өткізетін аймақтарды көптеп ашу қазіргі заманның талабы екені даусыз. Астана қаласында да енді саябақ кластерін дамтыуға көбірек көңіл бөлініп, көп ұзамай Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салынбақшы.
«Экопарк жобасы Кіші Талдыкөлде су балансын сақтай отырып, қала тұрғындарына арналған табиғи-рекреациялық аймақ құруды көздейді. Экопарктің жалпы аумағы 70 гектардан асады»,- деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазір жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алыныпты. Енді құрылыс-монтаждау жұмысына мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Сол сияқты жасыл желек бойында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым салынатын болады, оған құм-қиыршық тас қоспасын пайдалану жоспарланып отыр. Саябақтың дизайны мен оның элементтеріне ерекше мән берілмекші. Оны салуда экоурбанизм талабына сәйкес қоршаған ортаға зияны тимейтін табиғи материалдар пайдаланылмақ. Абаттандыру барысында 12 мыңнан астам ірі ағаш пен жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Кіші Талдыкөлмен іргелес аумақтар да игеріледі. Онда әлеуметтік нысандар: мектептер, медициналық орталық, тұрғын үйлер, балабақша және т.б. орналасады.
Ал, Үлкен Талдыкөлдің маңынан қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.
Абзал Ибрагим,
Астана