
Алдағы үш күнде Астана қаласының ауа-райы тұрақсыз болады. Синоптиктер елордадағы қатты жел мен көктайғақ туралы хабарлап, дауылды ескерту жариялады деп хабарлайды РМК «Қазгидромет».
28 қазан мен 30 қазан аралығында елордада 15-20м/с жел батыстан немесе солтүстік-батыстан соғады. Сондай-ақ, бас қалада тұман мен көктайғақ күтіледі.
Ақмола облысында алдағы күндері қатты жауын-шашын болып, соңы қарға ұласуы мүмкін. Бұл өңірде де жел дәл Астанадағыдай 23-28 м/с жылдамдықпен ұйытқиды.
Дауыл болу қаупінің 85-90 пайызы Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Тараз қаласында белгіленген.
Нақтырақ айтқанда, Қызылорда облысында жел 30 м\ с жылдамдықпен соғады. Ал Жамбыл облысының тұрғындарын 15-20 м\ с, ал оңтүстік-батыс аудандарында 30 м/ с жылдамдықпен ұйытқитын жел күтеді.
28 қазан күні қатты жел Тараз тұрғындарын да әбігерге салуы мүмкін. Сондай-ақ, көне қалада 29 қазаннан 31 қазанға қараған түні 1-3 градус суық орнап, үсік жүреді.
Оңтүстік-батыстық және батыстық желдің әсерінен 28 қазан күні Батыс Қазақстан облысы мен Оралда дауылдың болу қаупі 90-95 пайызды көрсетеді.
Ал Шығыс Қазақстан облысында, Семей мен Өскеменде жел 28 м/с жылдамдыққа дейін барады.
Қатты желге байланысты дауылды ескерту Қостанай облысына да жарияланған. Ал Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавлда тұман мен көктайғақ күтіледі.