
Дәл қазір елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанаты өтіп жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: — Құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар, отандастар! Бұл күндері Астананың 20 жылдық мерейтойын өткізгелі отырмыз. Тарих үшін қас-қағым сәтте Астана үлкен мегаполиске айналды. Астана – еліміздің тәуелсіздігінің символы. Халықаралық қаржы орталығының ашылуы соның көрінісі. Негізі орталық жыл басынан бері жұмысына кірісіп, ұйымдастырушылық мәселелердің барлығын пысықтаған болатын. Енді қаржы хабы ретінде әлемге танылуға дайын. Институттың салтанатты ашылу рәсіміне Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян қатысып жатыр. Атап өтейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Дубайдағы қаржы ұйымдарымен әріптестік орнатқан. Сондай-ақ Шанхай, Лондон, Нью-Йорк, Токио, Сингапур сынды Батыс пен Шығыстағы барлық орталықтармен берік ынтымақтастыққа жол салды. Қазір 55 компания бізбен жұмыс істейтінін растаған. Ал жыл соңына дейін бұл тізім 100-ге жуықтауы мүмкін. Сондай-ақ орталық алдағы уақытта исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал етуді көздейді. Осылайша 2030 жылға дейін 30 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар. Тағы бір жаңалық, қаржы орталығы тәуелсіз сотының 9 судьясы тағайындалды. Олардың барлығы құқықтану саласындағы белді тұлғалар. Бәрі де шетелдік. Орталықта жұмыс істейтін өзге елдің азаматтарына 5 жылға дейін виза беріледі. Құжатты рәсімдеу үшін бір терезе қағидаты жұмыс істейді. Тіпті, салық төлемдерінен 50 жылға босату жайы да қарастырылған. Ал келер жылдан бастап жаңа халықаралық рейстер ашылады. Нәтижесінде Астана әлемнің 9 қаржы орталығымен тікелей әуе қатынасы арқылы байланыспақ. Қаржы орталығының ашылу салтанатын тікелей эфирде тамашалай аласыз.