
Астана әкімі Алтай Көлгінов медицина мекемелерінің басшыларымен кездесті. Онда дәрігерлік көмектің сапасын жақсарту және медициналық орталықтарды одан әрі жабдықтау сияқты бірқатар мәселелер талқыланды. Олар бірнеше маңызды бағыттарды қамтыды.
Алғашқы бағыт қаладағы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға қатысты болды. Бұл реттегі ауқымды жоба — темір жол ауруханасын (№3 көпсалалы қалалық аурухана) «Ramada Plaza» ғимаратына көшіру. Ал оның орнына жаңа перзентхана салынады. Өйткені бұл шағын ауданда осы мәселе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, Алматы ауданында №1 көпсалалы қалалық аурухана жанынан тағы бір перзентхана тұрғызылмақ.
Астана әкімі өз сөзінде «Біз бірқатар медициналық мекемелерді жөндеуден өткіздік, сол сияқты «Жағалау-3» және «Нұрлы жол» вокзалы ауданында амбулаториялық-емханалық кешендерінің, Көктал-1, Пригородный, Телман және т.б. елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарының құрылысын жоспарлап отырмыз», — деді.
Сондай-ақ ол соңғы үш жылда 40 «Үй жанындағы дәрігер» нысаны (оның 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылғанын, жыл соңына дейін тағы 10 нысан ашуды жоспарда бар екенін жеткізді. Оның бәріне жеке инвестиция тарту көзделген.
Екінші бағыт — медицина қызметкерлеріне жағдай жасау. 2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60 пайызға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға өскен көрінеді. Келесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35 пайызға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Алтай Көлгінов кадрларды даярлау үшін биыл 250-ге жуық грант, ал соңғы үш жыл ішінде 750 гранттың бөлінгенін айтты. Сол сияқты медицина қызметкерлеріне арнап жатақхана да салынбақшы екен.
Үшінші бағыт материалдық-техникалық базаны қамтиды. Соңғы бірнеше жылда медицина мекемелері 3 мыңға жуық арнайы жабдықтармен жарақтандырылыпты. Мысалы, олардың қатарында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, желдеткіштер, жылжымалы флюорографиялық кешендер, цифрлы рентгенографиялық жүйелер және т.б. құрылғылар бар.
Төртінші бағыт — жедел медициналық жәрдем станциясын нығайту. Қала әкімі осы жылдың күзінде жедел медициналық жәрдем станциясына тағы 55 арнайы машина берілгенін айтты. Бұған дейін аталған станцияға 100-ден астам арнайы көлік, оның ішінде 65 реанимобиль тапсырылған екен.
Кездесу соңында Алтай Көлгінов аталған бағыттағы жұмыстардың әрмен қарай да жүйелі түрде жүргізіле беретініне сенім білдірді.
Абзал Ибрагим,
Астана