
Грузияда көпқабатты үйден құлап өлген жерлесіміз Әсел Айтпаеваның ажалына қатысты тың деректер мәлім болды.
exk.kz сайтына сұxбат берген марқұмның туысқаны Айна Айтпаеваның айтуынша, Әсел шетелге кетуді армандаған екен. Сондықтан алыс туысқаны оған Грузияда жұмыс істеуге мүмкіндік барын айтқанда қуана келісіпті. Ол Рустави қаласында сол туысының айдалған көліктерді сатумен айналысатын фирмасында жұмыс істейтін болған. Айына 500 доллар алуы тиіс еді.
Әсел Руставиде әлгі туысының үйінде тұрады. Ол жерде туысының бизнес -серіктесі, Қазақстаннан барған Бесо деген грузин де болыпты.
Айнаның айтуынша, Әсел 5 мамырда Телеграм-канал арқылы өзінің жақын құрбысына Бесомен арадағы аудио-әңгімені жібереді. Онда туысы Әселді зорлап, содан кейін Бесоға сатып жібергені айтылыпты. Бесо қызды ұрып-соғып, тіпті өлтіремін деп қорқытқан көрінеді. Ал ертеңіне 9-қабаттан құлаған Әселдің мерт болғаны жөнінде xабар тарайды.
Еліміздің сыртқы істер министрлігі грузин полициясының осы қайғылы оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқанын xабарлады. Әзірге белгілісі -күдікті қамауға алынған.
Jas Qazaq — Aqparat