
Арыс қаласындағы жарылыстан соң балаларынан көз жазып қалған балалардың барлығы ата-анасымен қауышты. Ал құзырлы орындар із-түзсіз жоғалып кеткендерге қатысты жарияланған жалған дерекке сенбеуге шақырды.
37 жастағы Роза Айдағараеваның қан қысымы көтеріліп, басы ауырып жатқанына 3-ші күн. Еден жуушы болып істейтін ол екі әпкесімен және ағасымен бір үйде тұрған. Жарылыс басталған кезде үйінде жалғыз болған ол туыстарынан көз жазып қалған. Қазір мүгедек әпкелері мен жасы жеткен ағасын таппай отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Роза Айдағарева, Арыс тұрғыны:
— Жұртпен бірге қаштық қой. Ешкімнің басына бермесін. Айдағараева Эльмира 80-ші жылғы, мүгедек. Айдағараева Дариға 55 жылғы, жүрегі ауырады. Айдағараев Бақытжан 70-ші жылғы. Ағаларым, әпшелерім. Ғаламтор арқылы іздеп жатырмыз.
Арыстағы алапат жарылыстардан соң ешкім бей-жай қалған жоқ. Мәселен, 3 курс студенті Айдана Кенжеғали сол күні ватсап желісі арқылы Дети.SOS деген топ ашып, бүкіл таныстарын сол топқа қосады. Әлеуметтік желілерде іздеу салған жұрттың фотосы мен мәліметтерін сол топта жариялау арқылы үш күн ішінде мыңнан жасөспірімді ата-анасымен қауыштырдық деп отыр.
Айдана Кенжеғали, ерікті:
— Қазір 24 ата-ана баласын таппай жүр. Ол 24 ата-ананың 3-4 баласынан болуы мүмкін. Жоғалған балалардың суреті және ата-аналардың нөмірі жазылған.
Қазір, Шымкент пен Түркістан облысында мыңға жуық ерікті жұмыс істеп жатыр. Олардың жол пұлына қаржыны кәсіпкерлер беріп жатыр екен. Ал, билік із-түзсіз жоғалғандар жоқ деп отыр. Осыған дейінгі ата-анасы көз жазып қалған мыңнан астам баланың барлығы да әке-шешесімен қауышты дейді. Жалпы,қазір Шымкент пен облыс аумағындағы 66 орталықта 3 жарым мың бала мен олардың ата-анасы орналастырылған.