«Артында қалдырмас па жақсы даңқын…»

18 қараша 2022, 11:44

«Артында қалдырмас па жақсы даңқын...»

Біз бала кезден атақты Маман мектебі туралы естіп өстік. Құлағына құя берсін дей ме екен, үлкендер «Маман деген бай болған» деп бастайтын әңгімесін. Кішкентай кезде ол ертегі сияқты: «Баяғыда Маман деген бай өмір сүріпті. Оның Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл дейтін балалары болыпты. Сол кісілер Ақсу ауданының Қарағаш деген ауылында мектеп салып, қазақтың талай қарадомалағын оқытқан екен». Мектеп ашылған 1903-1904 жылдар біз үшін, әрине, «баяғыда» болып елестейді.

Кеңес заманындағы «байдың бәрі жаман, кедейді қанап-қинаған» деген идеологияны жоққа шығаратын осы әңгімені үлкендер текке айтпаған шығар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ел-жұртына шарапаты тиген сондай асыл жандардың ұмыт қалмайтынына меңзесе керек. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, бұл да тәрбие.

Алматы тұрғындарымен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі бай-бағландардың әлеуметтік салаға қолдау көрсетуге келгенде құлықсыз екенін айтып өткенде ХХ ғасырдың басында қазақ балаларына арнап мектеп ашқан, қазақ баспасөзінің аяқтан тұруына атсалысқан байлардың мәрттігі еске түсе қалды.

Құдайға шүкір, бізде миллионер де, миллиардер де баршылық. «Форбс» жыл сайын ең бай деген 50 шақтысын тізіп қояды. Бірақ солардың өз қаржысына мектеп салып, ел экономикасын дамытатын өндіріс ашқанын жұрт естімепті.

Адамның санасын әлеуметтік желі жаулаған заманда ақшалы азаматтар мен азаматшалар, жұлдыздар мен жұлдызшалар (кино мен эстрада, блогер т.б.) киген киімін, сатып алған үйін, шетелдегі демалысын (міндетті түрде теңіз жағасында шешініп тастап) паш етуге құмарланып алды. Оны көргенде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..» деп жазғаны еске түседі.

Қазіргі қымбатшылық заманда, несие қамытынан шыға алмай тығырыққа тірелген пенделердің не ойлап, қандай күйзеліске түсетінінде шаруасы жоқ.

Тағы да әлеуметтік желіге көз салсақ, сондай «ғажап өмірмен» қатар өріліп жатқан қарапайым адамдар өз күнін өзі көріп жүргенін байқайсың. Ауыр сырқатқа шалдыққандар, баспанасыз қалғандар, басқа да мүсәпір күй кешкендерге «асарлатып» ақша жинайды жатады. Кедей-жомарттың аузынан жырып берген тиын-тебенінен кәдімгідей қомақты сома құралып, бір міскіннің төбесі көкке жеткенін көргенде көзге қалай жас келгенін өзің де байқамай қаласың.
Алдыңғы жылы Ақтауда бір кейуана қайтыс болғанда, ақтық сапарға шығарып салуға қала тұрмақ, басқа аймақтардан көп адамның сүрініп-қабынып жеткенін естігенбіз. Жұрт өршіп тұрған коронавирусқа да, карантинге де қараған жоқ. Сол апамыздың көзі тірісінде талай адамға жақсылық жасаған, жүрген жерінде қиналған жанға жәрдем беріп, үй әперіп жүрген абзал жан екені кейін айтылды.

Біздің миллионер-миллиардерлерден ондай жақсылықты ешкім күтпейді де. Қаңтар оқиғасынан кейін ашылған «Қазақстан халқына» қорына кейбіреулері пәлен сома деп (оның өзін мәжбүрлегендей болып) тастап жатты да, сонымен тынған сияқты. Рас, қайырымдылық қорын ашып, жұмысын жүргізіп отырғандар бар. Бірақ ол теңізге құйған тамшыдай, әрі көзге онша көрінбейді.

Қалай болғанда да, Мемлекет басшысының сөзінен кейін бай-бағландарға да ойланатын кез келді. Ендігі кезде олар сауда ойын-сауық орталығын емес, күнделікті тіршілікке қажетті бұйымдар шығаратын кәсіпорындар ашуға мойын бұруы керек. Мемлекеттің емес, өз қаржысына. Сондай-ақ балалар спортын дамытуға атсалысып, ауылдағы дарынды ұл-қыздардың көтерілуіне жағдай жасаса да артық емес.

Ұрпақтан ұрпаққа айтылатын мәрт адамдар туралы аңыз осылай туады емес пе?

Гүлнар Ахметова

25 қантар, 9:27
Ербол Хамитов әлем чемпионы! (Видео)
24 қантар, 17:32
Жанар Айжанова: Арабтарды таң қалдырдым
24 қантар, 17:16
Орыс мектебіндегі оқушылар енді қазақ тілінен емтихан тапсырады
24 қантар, 15:17
Ынтымақтастық кеңиді
24 қантар, 13:53
Науан Мүтәлұлы, имам: Өзіңе-өзің қол жұмсау – ең ауыр күнә
24 қантар, 13:13
Әлихан Смайылов: Айтып келетін апатқа жол бермеу керек!
24 қантар, 10:03
Елена ерлеп тұр 
23 қантар, 15:48
Батырдың көйлегі мен мүштегі (Видео)