
Бүгін «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінде маңызды мәселелер талқыланып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды. Отырысты Орталық кеңес төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев жүргізді.
Кездесудің өзегіне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары мен әскердің алдына қойған міндеттерді жүзеге асыру, ардагерлер ұйымының қоғамдық маңызын одан әрі арттыру және әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру мәселелері арқау болды.
Армия генералы Мұхтар Алтынбаев өз сөзінде ел қауіпсіздігі мен Қарулы Күштердің беделін нығайтуда аға буынның тәжірибесі мен өмірлік өнегесінің айрықша мәніне тоқталды. Ардагерлердің міндеті тек өткенді еске алумен шектелмей, әскери дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу, жастардың бойында Отанға деген жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерін қалыптастырумен сабақтасатыны атап өтілді.
Отырыста халқымыздың әскери тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың мұрасын сақтау мәселесіне де ерекше мән берілді. Орталық кеңес төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің «Жауынгер жолы» кітабын қайта басып шығару жөніндегі ұсынысты таныстырды. Жаңа басылымға С.Нұрмағамбетовтің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 60 жыл толуына арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының салтанатты отырысында сөйлеген тарихи сөзін енгізу көзделіп отыр.
Бұл бастама – қазақтың даңқты қолбасшысының әскери жолын ғана емес, оның мемлекетшілдік ұстанымын, бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастық туралы ойларын бүгінгі және келешек ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы.
Сондай-ақ Каспий теңізінде Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза болған аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының отбасына материалдық көмек көрсету мәселесі де қаралды. Әскери қызмет – Отан алдындағы қасиетті борыш. Ал осы борышты өтеу жолында қаза болған жауынгердің отбасы елдің, қоғамның және әскери бауырластықтың назарынан тыс қалмауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету – ардагерлер ұйымының адамгершілік әрі азаматтық жауапкершілігінің бір көрінісі.
Орталық кеңес отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер белгіленді.
Әбубәкір Смайылов,
ҚР Қарулы Күштерінің ардагері