
Газетіміздің №25 санында «Жаздың жұты жанға батады» деген тақырыппен Қызылорда облысының Арал ауданындағы қуаңшылықты, табиғат апатынан қырылып жатқан төрт түлік малдың жайын жазған едік.
Егер әңгіменің түп-төркінін қазбаласа, қыс бойы қар түспей, көктемде жауын болмауының сыры Арал теңізінің өзінде, қала берді дария суының тартылуында жатыр. Жергілікті жұрт солай дейді. «Су шықса төңірекке бұл айналады» деген сөз бүгінде Аралдағы ауыл тұрғындарының әрбірінің аузында жүр. Талай жылдан бері мәселенің сырына қаныққан ел тегін айтпаса керек. Сол дария дейтін Сырдың суының қазір түбі көрініп қалған. Бір кездері теңіз жағасына қонған ауылдар қазір жапан түздің тұрғындары. Сайып келгенде, теңіздің тартылуынан кейін Сыр суының да саяздануы бар қиындықтың бастауы болып тұр десек, қайтерсіз?! Ауылдағы жұрттың қарапайым болса да пайымы осы. Хош.
Қазір не болып жатыр?
Енді осыған келейік. Қызылорда облысының Арал ауданында жалпы саны 23 ауыл бар. Оның кейбірі округ болғандықтан, қасында жанама шағын ауылдары тағы бар. Солардың ішінде 13-і жағдайының тым қиындығынан қызыл аймаққа жатқызылған. Барлығы да байырғы шалқар теңіздің бүгінгі шаңдақ табанына жайғасқан елді мекендер. Басқаша айтсақ, дала шөбінің 95 пайызы жарамсыз. Оның ішінде төртеуі: Құланды, Ақбасты, Қосжар және Мергенсай ауылдарында жайылым толығымен жарамсыз болып қалған. Ауданға қандай да бір көмек келсе, бірінші болып осы ауылдарға жөнелтілмек. Тағы алтауы сары аймақ деп бөлінген. Оларда шамамен 30-40 пайыздай дала шөбі бар. Тек 4 ауыл ғана жасыл, яғни қауіпсіз аймақта. Ол төртеуі ауданның құмдауыт қыр жағында орналасқан. Олардың алдағы күз бен қыстан аман шығатындай жағдайы бар деп саналады.
Жалпы табиғаттың осындай күйге түсері, елдің осылай тарығары о бастан-ақ сезілуі тиіс еді. Олай дейтініміз, Аралда қыс бойы қар түспей, жер қара суықпен тас боп қатқан. Сол жағдайда бейшара мал тіске ілігер нәрсе таппай қиналған. Ауыл жұртының айтуынша, жалпы мал шығыны сол кезден басталған. Аман қалғаны қыстан көтерем шыққан. Көктемнің үш айы бітем дегенше арам қатқандарының саны әлгінде айтылғандай, 500-ге жуықтаған. Қызығы сол, ел басына осынша ауыртпалық туып, осы айтылғанның бәрі көз алдарында болып жатса да, Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетов төтенше жағдай жөніндегі жиынды 31 мамырда өткізеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, сол жиында әкім тиісті тапсырма береді. Яғни шөпті дайындайтын, мал бағатын, көшіретін бригада жасақталады. Жайылым бақташылары ұйымдастырылып, табиғи су көзін қайта ашу керектігі сөз болып, бұл шара да қолға алына бастайды. Алайда осы уақытқа дейін ауданда 481 бас мал арам қатқан. Бұл аудан әкімдігі берген ресми статистика ғана. Олардың айтқанына сенсек, тіпті мал шығыны осымен тоқтапты-мыс. Алайда атқарушы билік жағы осы ұстанымынан таймағанымен, ел аузына кім қақпақ болмақ?! Шын мәнінде, жағдайдың бұлай еместігін, өлген малын өз қолымен далаға сүйреп апарып тастап жатқан ауыл тұрғындарының өзі айтып тұр.
Қазір сол аса қиын жағдайда отырған ауылдарда зардаптың бәрін тартып отырған мал жайына келгенде, қай-қайсы да қазірдің өзінде соңғы әл-дәрменін сарқып жүр. Жерден қылтанақ таппай қиналғандықтан, жайылатын өрісі осы күндері 30-40 шақырымға дейін ұзарған. Оны ауылдағылар құдыққа екі күнде бір келетінінен біліп отыр. Күз бен қыстан шыға алмайтыны айтпастан-ақ белгілі. Тығырықтан шығар жолдың бірі, малдың басым бөлігін сырттан келген «агенттерге» сатып құтылу. Тиімдісі де сол болып тұр. Әдетте, ауылдық жерден мал алып, оны қалаға немесе басқа өңірге апарып, қымбат бағаға саудалайтын алыпсатарларды ауылдағы жұрт осылай «агент» деп атайды. Себебі, өкіметтен жәрдем күтіп жүре берсе, тақырға отыратынын шаруалардың іші сезеді. Қыс пен көктемде мардымды шара атқармаған билік органдарына сеніп, малын қолда ұстап отыра бергеннен гөрі, аштан қатпай тұрып қолымызға ақша ұстап қалайық деген ұстаным оларға дәл қазір ең ұтымды шешім болып тұр. Сол үшін де Аралда малы қырылып жатқан ағайын ауылына сырттан келе жатқан шаң көрінсе, «агент пе?» деп алаңдау әдетке айналған. Осы әдетпен аудан көлемінде қуаңшылық белең алғалы бері 800-ге тарта бас мал арзан пұлға сатылып кеткен. Мәселен, Мергенсай ауылдық округінің тұрғыны Нұрлыбек Башенов көктемнен бері 50-ге жуық жылқысын тым арзан бағаға сатып жіберіпті.
Қазірдің өзінде жұрт арагідік келген жоңышқанының бір түйіншегін былтырғыдан екі есе қымбат бағасына сатып алып жатыр. Болжамды есеп бойынша, аудандағы 235 мың мал басын аман алып қалу үшін сырттан 9 мың тоннадан астам шөп жеткізілу керек. Билік органдарына сенсек, көрші аудандармен келісім жасалған. Соның өзінде қазір ауданға керек мал азығының 16 пайызы ғана жеткізілген. Бір қызығы, ең қатты жұтап отырған төрт ауылдың бірі – Мергенсайдағылар ондай көмек көрмегендерін айтады. Ауданға көмек келсе, бірінші болып жеткізілетіндердің бірі Мергенсай екенін әкімдіктегілер бізге айтып берген-ді. Әкімдіктің уәдесі орындалып, ауылдарға мал азығы барғанша бұл қиыншылықтан пысықайлар біраз пайда тауып үлгерейін деп тұр. Осы күндері Аралға шығыс жақтан келетін халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының бойында жоңышқа мен басқа да көк шалғын тиеген жүк көліктері жиі байқалады. Көмектен бұрын, саудаға апара жатқан шөп екені бесенеден белгілі жайт. Ой түкпірін ашып айтсақ, әкімдік тағы сылбыр қимылдап отырғанына күмән бар ма?!
Үкіметтен үміт бар ма?
Қазір аудан жұрты төтенше жағдай жарияланады деген хабарды сарыла күтіп жүр. Шаруа жем-шөп жағынан көмектесумен бірге, өлген мал басына өтемақы болып қалар деген үміті басым. Әңгіме төркіні Маңғыстау облысына көрсетілген көмекте жатқаны жасырын емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы министрлігінен сол жақтағы мал азығына керек деп 3,5 млрд теңге сұраған.
Сөз арасына қыстыра кетейік, сұрауын сұрағанымен, бұл ауызша айтылған сөз күйінде қалып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі журналистерді жинап, сұхбатында айтып берсе де, қаржы министрлігіне әлі құжат жүзінде өтініш түспеген. Яғни осынша миллиард қаражат көмек сұрап жатыр деген ақпаратты даңғазалатып таратып жіберсе де, іс жүзінде ол шаруаға әлі кіріспеген. Мұны бізге қаржы министрлігінің баспасөз қызметі растап берді.
Бір жағынан, Маңғыстауда арам қатқан мал басы облыс әкімінің айтуынша, 1100-ден асқан. Оның 512-сі жылқы. Аралдағы мал шығыны одан екі есе аз болғанымен, жағдайдың одан кем түспейтіні әмбеге аян. Оның үстіне, бүтін облыс емес, осынша ауыртпалық бір ғана ауданның басына түсіп отыр. Ендеше астанадағы министрліктер ауылдағы жағдайға әлі күнге қараспай отырғаны қалай? Оның орнына билікке алдамшы жауаппен құтылу оңайырақ секілді. Мәселен, Арал ауданы әкімдігі көрші аудандармен келісім жасап, 500 көлік шөп жеткізуге уағдаласқан. Сол шөпті тасымалдаған кездегі жолға кететін жанармай шығынын ғана төлеп беруге қаражат қарастырылмақшы. Әзірге мемлекеттің аралдықтарға беретін шұғыл көмегі дегенде біздің осыдан артық естіген ақпаратымыз жоқ. Оның өзі біле білсек, елордадан келетін қаражат емес, облыс бюджетінен жырымшылап бөлініп келетін дүние. Қалған шаруаның бәрі бітеліп қалған су көзін ашу, көршілерден келетін жем-шөптің бағасын көтертпеу сынды аудан әкімдігінің деңгейіндегі тіршілік. Мал азығына қатысты көмектің кескіні осы.
Шығын болған мал басына келсек, ол да күйреп жатқан арал жұртының өз басындағы қайғы болып қала бермек. Төтенше жағдай жарияланғанымен, оның өз тәртібі бар. Ал өтемақы туралы жоғары жақтан ешкім әңгіме қозғап отырған жоқ. Асылы, шөп сатып әперудің өзін жарытпай отырғанда өлген малдың құнын жоқтау биліктегілер үшін тым шектен шыққандық болып саналса керек. Өйткені, бұл тұрғыдағы әңгімеге үзілді-кесілді жауап бар. Өтемақы қарастырылмаған, сөз осымен бітті. Әлбетте, қалыпты ережеге ешкім қарсы келмеу керек. Өтемақы болу үшін, тұяқты мен мүйізді малдың бәрін қырып салған эпидемия жүру керек. Ал Аралда ондай бәле жоқ. Ендеше бұл жұтаған жұрттың өтінішінен оңай құтылуға тамаша себеп емес пе?! Мәселенің осы тұсына келгенде жергілікті ветеринар мамандар да малдың басқа-басқа емес, тек аштықтан қырылғанын арнайы сараптамамен дәлелдей түсті. Жануарлар су ішетін құдықтар, көлдер мен ұңғымалардағы су құрамын зерттелген. Оның қорытындысы бойынша, судың тұздылығы қалыпты деңгейінен асып кеткендігі анықталып отыр. Былайша айтқанда, су ашып кеткен. Алайда ветеринарлар төрт түліктің арам қатуының себебі улану еместігін бірден кесіп айтты. Сол өлгендерінің арасында 10 жылқыдан алынған биологиялық материал гастрофилез ауруына теріс нәтиже көрсеткен.
Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев: «Мал ішетін құдықтардан және қосымша көлдерден сынама алынды. Одан бөлек, өлген жылқыдан және мүйізді ірі қарадан сынама алынды. Облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Нәтижесінде теріс нәтиже көрсетті. Яғни эпизоотиялық ахуал тұрақты. Ауру жоқ. Қуаңшылыққа байланысты мал қысқа өте күйсіз түскен. Соның есебінен болып отыр», – деп түсіндірді.
Осыдан соң өтемақы туралы сөз қозғаудың мәнісі жоқ. Бір жағынан, малдың неден қырылып жатқанын тәптіштей кеткеніміз де дұрыс шығар. Малшылардың айтуына қарағанда, біразы даладағы суатқа жақындағанда ұйыққа батып өлген. Шөл далада су қақсып жатқанда, азғандай суы бар ылғалды жердің айналасы нағыз ажал апанына айналған. Ол бір себеп. Екіншісі, әр жерде көзге шалынған жаңадан шыққан көкті қуалап, топырағымен қосып жегендіктен, ішке құм қатқан. Екі себептің екеуі де табиғи апаттың салдары.
Естеріңізде болса, былтыр қыркүейк айында елімізде соңғы 15 жылда болмаған құс тұмауы тіркелген еді. Соның кесірінен қыркүейк-қазан айларының ішінде 7 облыста 870 мыңнан астам құс қырылды. Оның ішінде жеке аулада 26 жарым мың құс пен 3 құс фермасында 850 мыңға жуық қанатты арам қатты. Осылайша жоғары патогенді құс тұмауынан шамамен елдегі жалпы құс санының 2 пайызы жойылды. Соған байланысты үй құстарын мәжбүрлеп вакциналауға ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 4 жарым миллион дана вакцина бөлінген болатын. Бұл таза ауру салдарынан болғандықтан, өлген құс басына мемлекет өтемақы да берген. Бірақ бұл жолы мал басына қатысты бюджет қаражаты қарастырылмай отыр. Неге?
Қайтпек керек?
Ендігі қорқыныш, Аралда алдағы тіршілік қалай болары белгісіз. Жаз басталмай жатып қуаңшылықтың қыспағын толайым сезініп болған жұрттың мына түрімен күз бен қыстан аман шығарына көңілі иланбайды. Жергілікті әкімдікке салсақ, қазір жағдай қалыпқа түскен көрінеді. Енді қыстың қамына кірісіп жатыр-мыс. Бірақ жағдайдың әлдеқайда ауыр екеніне ауылдарға барып, көз жеткізу қиын емес. Жайылымды еркімен жүріп, жер шалғайын шарлап жүріп табатын жылқының өзі арық-тұрық. Жаздың бел ортасына әлі жете қоймаса да қу сүйек күйде. Табиғат заңы бойынша дала шөбі жаз ортасында қурай бастауы керек еді. Қазір қурамақ түгілі, қаңсып қалған қу топырақ пен қатқан тақырдан енді шөп шығады деп дәме қылу бекершілік сияқты. Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы жүргізген сараптама қорытындысы топырақтың ылғалдылығы ең төменгі мөлшерде екенін анықтап берді. Яғни құмда құнар жоқ. Алда-жалда нөсер құйып өтсе де, көкорай шалғын бұл маңнан көрінбесі анық. Қайтпек керек?
Жағдайдың осылай ушығарын білген көреген шаруаның біразы сонау сәуірдің кезінде-ақ шөбі шүйгін ауылдарға қарай мал-мүлкімен қоныс аударып кеткен. Қонысын қия алмай қалғандары табиғаттың кертартпа мінезіне амалдың жоқтығынан төзіп келеді. Ауылдағы көп жасаған ел ағаларының айтуынша, нағыз жұт деп айтатын заман туып тұр. Өйткені, осы өңірлерді о бастан малға жайлы деп мекен етіп келген. Бірақ жерден бір тал жасыл өскін көрмейміз дегені өңі түгіл түсіне кіріп шықпаған.
Мергенсай ауылдық округінің тұрғыны Қуаныш Ахметов: «Жасым қазір 61-ге келді. Осы жасқа келгенімше мұндай жағдайды көрген жоқпын. 1970 жылға дейін ауылымыздың екі басында екі скважина болған. Қазір екеуі де ақпайды, бітеліп қалған. Бізге сол су көзін қазып, ашып берсе дейміз. Әкімдердің мал өлімі тоқтады дегені – ауылға келмегендіктерінен айтылған сөзі болар. Күнара өліп жатыр. Оны өзіміз жария қылып жатқанымыз жоқ», – дейді.
Далада көктен күдер үзілгенімен, жағдайды оңалтудың алғашқы қадамы деп әр жерден су көзін ашу жоспарланып отыр. Жалпы аудан көлемінде Кеңес Одағы заманынан қалған 49 су көзі бар екен. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, оның 30-ы тамшылап болса да ағып тұр. Қалғаны істен шыққан. Қараусыз қалғандықтан көпшілігі әкімдіктің мүлік тізімінде де жоқ. Ел басына іс түскенде ғана жергілікті басшылық жұмысқа кірісе бастапты. Жоспар бойынша 15 ұңғыманы қайта қазып, шөл даланы суландырсақ деген ниетте. Қалған жем-шөбі онсыз да шаруалардың мойнына артылған.
Ербол Тұрымбет, КТК тілшісі
(арнайы Jas qazaq үшін)
Қызылорда облысы