
Еліміздің ертеңгі болашағы – жастардың қолында. Сондықтан да мемлекет тарапынан қолдау көп. Бізде жастарға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Жастар да белсенді. Әсіресе, соңғы жылдары волонтерлікті дамытып, түрлі идеяларымен көзге түсуде. Облыс орталықтары, ірілі-ұсақты қалалар мен аудандарда Жастар ресурстық орталықтары ашылып, жұмысын жемісті жүргізіп отыр. Біз Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының директоры, өңірлік волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Арайлым Әбдуәлиевамен әңгіме-дүкен құрдық.
Jas qazaq: Арайлым Әділбекқызы, Жамбыл облысы бойынша волонтерлік қозғалыстың саны қанша? Ерікті болғысы келетін жастардың қатарын көбейтуде қандай жұмыстар істеліп жатыр?
А.Әбдуәлиева: Ең алғашында біздің еріктілер қозғалысы 2016 жылы «Жібек жолы жастары» деген атаумен құрылды. Біз ол қозғалысты ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне орай 100 волонтерді дайындау мақсатында құрдық. Алғашқы еріктілер қозғалысы осылайша жұмысын бастады. Көрмеге 100 еріктіміз барып келгеннен кейін, ерікті болғысы келген жастардың қатары күн сайын өсе бастады. Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша 154 нақты бастамашыл волонтерлік топтар бар. Олар жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында, ауылдық жерлер мен аудандарда құрылған. Волонтерлік бастамашыл топтармен қатар, бізде тіркелген 13 волонтерлік ұйым бар. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 12711 волонтер бар. 2020 жыл волонтер жылы болып өткенін білесіздер. Жамбыл облысы орталығынан волонтерлерге арналған фронт-офис ашылған болатын. Қазір осы фронт-офиске жетекшілік етемін. Бұл офис облыс бойынша еріктілікті дамытамыз деген белсенді жастарды біріктіріп, бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мұрындық болды. Қазір ерікті болғысы келетін жастардың саны көп. Кейбір жастар өздері бастамашы болып, еріктілерді ұйымдастырып, белсенділік танытуда.
Jas qazaq: Волонтерлік топтар көбінесе қандай бағыт бойынша жұмыс жүргізеді? Әлде фронт-офис тарапынан оларға қандай да бір тапсырма жүктеліп, бағыт-бағдар беріле ме?

А.Әбдуәлиева: Біздің облыста волонтерліктің «Үміт» бағыты бойынша Лидер.kz атты еріктілер тобы жұмыс істейді. Бұл қозғалыстың басты мақсаты – бірін-бірі іздеген адамдарға көмектесу. Ал «Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы», «Жібек жолы жастары», «Темірқазық», «Сұңқар» атты волонтерлік қозғалыстар еріктіліктің барлық бағыты бойынша жұмыс істейді. Жылдың басында волонтерлікті дамытамыз деген белсенді азаматтарға мемлекеттік грант берілді. Өзінің ерекше идеяларымен көзге түскен жастарға еріктілер қозғалысын құруға 300 мың теңге көлемінде грант табысталды. Биыл біздің облыстан 28 белсенді жас осы гранттың игері атанды. Енді осы 28 волонтерлік ұйым мемлекеттен бөлінген грантқа өздеріне экипировка, қажетті құрал-жабдықтар алды. Біз ай сайын республикалық волонтерлік фронт-офиске есеп беріп отырамыз.
Бүгінде Жамбыл облысы еріктілік бойынша үздіктердің қатарында. Бұл біздің облыстық еріктілер қозғалысының жемісті жұмысының нәтижесі деп білемін. Ай сайын түрлі тақырыптағы шаралар өткізіліп тұрады. Жамбыл облысындағы еріктілердің фронт-офисі болғандықтан, 154 бастамашы топ пен 13 волонтерлік ұйымның барлығы бізге қарайды. Олар қандай да бір шара өткізгені жөнінде бізге есеп беріп отырады. Біз облыс бойынша атқарылған шараларды саралап, мониторинг жүргіземіз. Біздің орталықтың негізгі жұмысы – волонтерлерге қолдау көрсету. Қандай да бір тақырыптық шара өткізгісі келген волонтерлік ұйымға көлік пен басқа да техникалық құрылғылар қажет болса, біз қамтамасыз етеміз. Әсіресе, «Асыл мұра» бағыты бойынша зерттеу жүргізгісі келген топтарды көлікпен қамту жағын қарастырамыз. Диплом, алғыс хат дайындау сынды жұмыстарға да біз көмектесеміз. Сонымен қатар біздің орталықтан волонтерлік курстан өткісі келген кез келген жас буын білмегенін үйрене алады. Сондай-ақ еріктілердің санын арттыруға бағытталған презентациялар, тренингтер мен түрлі пікірталастар да біздің фронт-офисте ұйымдастырылады.
Jas qazaq: Волонтер десе, біздің есімізге ең алдымен жас буын түседі. Ал шетелдік тәжірибеде кез келген жастағы азаматтар ерікті бола алады. Біздегі ерікті болғысы келетіндердің белсенділігі қандай?

А.Әбдуәлиева: Сауалыңыз орынды. Қазір еріктілердің саны өте көп. Оны еліміздегі волонтерлердің қатарының күннен-күнге өсуінен байқап отырмыз. Әр өңірден жұмыс істеп жатқан белсенді жастардың қатары артып келеді. Жамбыл облысында волонтерлердің қатарында тек жастар емес, зейнетке шыққан ата-апаларымыз да бар. Олардың да еріктілікке белсене араласып, қоғамның бір бөлшегі болғанына қуанамыз. Себебі, өзіңіз айтқандай, волонтер дегенде тек оқушылар мен студенттер елестеуі мүмкін. Бірақ біздің белсенді қазыналы қарттарымыз өздерінің титтей де болса үлесін қосып, кейінгі жастарға үлгі бола білуде. Биылғы жылдың тамыз айында еріктілер қозғалысы бойынша Түркияның Ыстамбұл қаласында болдық. Онда біздің елден бөлек, көрші Өзбекстаннан да белсенді жастар барды. Түркияда әлеуметтік бағыт бойынша еріктілік қарқынды дамыған екен. Ол жақта аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жәрдемдесу жағы басым. Әсіресе, оларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, материалдық жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін курстарда оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ал бізде қалай? Бізде республика бойынша волонтерлерге арналған негізгі бағыттар бар. Олар әлеуметтік, экологиялық, археологиялық, тақырыптық болып кете береді. Біздің басты міндет – осы бағыт бойынша жұмыстарды жүзеге асыру.
Jas qazaq: Енді Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының жұмысына тоқтала кетсеңіз. Орталық облыс жастарын дамытуда қандай жүйелі істерді жүзеге асырып жатыр?
А.Әбдуәлиева: Орталықтың басты міндеті – жастарды жан-жақты қолдау. Өздеріңізге белгілі, жастармен байланысты басты түйткіл – оларды жұмыспен қамту. Біз бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істейміз. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында «Бос орындар акциясы», «Бос орындардың ашық есік күні» сынды шараларды жиі ұйымдастырамыз. Қараша айының басында облысымызда жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында белсенді жастармен кездесу өтті. Кездесу барысында волонтерлік бағытты дамыту бойынша жаңа идеялар ұсынылып, талқыланды. Волонтерлер өздерінің көкейдегі сауалдарын ортаға салып, еркін форматта пікір алмасты. Сондай-ақ «Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет» тақырыбы аясында Тараз қаласы, полиция басқармасы, бірінші полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Баян Тасболатқызы, полиция аға лейтенанты Манас Надырбекұлы, полиция лейтенанты Нүркен Әділхановпен кездесу өтті. Полиция қызметкерлері жастарға өз басынан өткен қызықты оқиғаларын айтып, құқықтық сананы арттыру мақсатында біраз кеңестер берді. Жастар жағы да өз ойларындағы сұрақты еркін қойып, жауабын ала алды. Сондай-ақ «Кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында және «Startup Orda» жобасы аясында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледж студенттерімен семинар өтті. Семинарға арнайы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының маманы Гүлмира Метерова және Тараз қаласындағы AstanaHub компаниясының «Startup Orda» жобасының өңірлік өкілі Гүлмира Баяндина келіп жастарға кеңес берді. Қазан айында біздің белсенді волонтерлер ECO CHART жобасын таныстырды. Жобаға 40 шақты волонтер жастар қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – қаланың ластанған жерлерінің экологиялық картасын дайындап, кейінгі волонтерлік сенбіліктерді сол картаға сүйене отырып, жүргізу болды. Қазіргі таңда 3 сенбілік өтіп, әр сенбіліктегі мәліметтер жинақталуда. Қазір жобаның екінші бөлігі жүзеге асырыла бастады. Бұл бөлікте волонтерлер экологиялық картаны дайындап, оны басып шығарады да, волонтерлік таптарға сенбілік уақытын ұсынады. Жас волонтерлер сол картаға сүйене отырып, картада белгіленген аймақтарды қоқыстан тазартады.
BIRGEMIZ:TAZA ALEM волонтерлік бағыты бойынша Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының волонтерлерімен жүзеге асырылып жатқан жобалары:
1.Sanaly Urpaq
2. Eco Chart
3. Jana Beine

Sanaly Urpaq жобасы – жас ұрпақтың бойындағы экологиялық мәдениетті, экологиялық сананы және жауапкершілікті ояту мақсатында жүзеге асырылады.
Eco Chart – волонтерлер қаланың лас жерлеріне сенбілік жүргізу арқылы, ластанған жердің мәліметін жинайды. Сол жиналған мәліметтен қаланың Экологиялық картасы жасалып, сол карта негізінде келесі сенбіліктер жасалатын болады.
Jana Beine – жер үйлерде тұратын қала тұрғындарының аулаларындағы қоқыстар жинастырылып, сұрыпталып, олардан волонтерлер инсталляциялар жасайды. Сол инсталляцияларды қаладағы балабақшаларға орналастырады. Олар осылайша әкімшілік нысандардың ажарын ашып, экологиялық мәселені шешуге өз үлестерін қосады. Осындай түрлі тақырыптық жиындар жиі ұйымдастырылады. Біз жастардың тұлғалық дамуына, өзінің мүмкіндігін нығайта түсуге барынша жұмыс істейміз. Өйткені жастар орталығының негізгі міндеті – жастарға жан-жақты қолдау көрсету.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!
Мақпал Ноғайбаева