jasqazaq.kz

Ән әлемінің падишасы — Бибігүл Төлегенованың мерейтойы өтті

24 желтоқсан 2019, 11:50

Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, академик Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арналған шығармашылық кеші өтті.

Бибігүл Төлегенова – қазақтың әйгілі опера әншісі, Қазақстанның вокал өнерінің мэтрі. Ерекше әдемі колоратуралық сопрано иесі «қазақтың бұлбұлы» және «халықтың сүйіктісі» ретінде танымал.  Ол ХХ  ғасырдың атақты 20 әйелінің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. 

Бибігүл Төлегенова Тәуелсіз Қазақстанның музыка өнеріне қосқан орасан зор еңбегі үшін «Отан» ордені (2000), «Жыл адамы» жүлдесі (2001), Қазақстан меценаттарының тәуелсіз «Тарлан» жүйесі (2001), «Достастық жұлдызы» мемлекетаралық жүлдесімен (2013) марапатталған.

Бибігүл Төлегенова Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры бола отырып, өзінің жолын жалғастырушы әншілерді тәрбиеледі. Әнші оларға ән айту өнерінің негіздерін үйретіп қана қоймай, сонымен бірге олардың шығармашылық өмірлерінен хабардар болып, вокалдық шеберліктерін шыңдай түсуге көмектесіп, қолдайды, кеңес беріп, жол көрсетеді. Оқушылары ұстазының бұл қамқорлығына дән риза.

Әйгілі әншінің құрметті атақтары мен марапаттары қатарында Қазақстанның жұлдыздар аллеясындағы жеке жұлдызы (2002), Астананың құрметті азаматы (1999), Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы (2011) және Алматының құрметті азаматы (2012) атақтары бар.

Биыл Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер байқауы 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Бибігүл Төлегенова — бұл конкурстың көркемдік жетекшісі және қазылар алқасының тұрақты төрағасы. Дәстүрге сай, Бибігүл Ахметқызының барлық концерттеріне оның оқушылары, сонымен бірге Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары қатысады.  Олар Қазақстанның вокал мектебінің ең үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, оны шетелде белсенді түрде насихаттайды.

Бибігүл Төлегенованың әншілік дарынының бірегейлігі — оның дауыс әдемілігін сақтауы, сахнадағы сүйкімділігі және өз өнерімен бізді қуанта беруінде. Халық әртісіне деген халық махаббаты шексіз, ықыласы ерекше.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөз сөйледі. Ол бұл күн алматылықтар үшін ұмытылмас ерекше күн екенін атап өтті.

«Қазақтың кәсіби ән өнері дегенде, біздің есімізге ең алдымен оралатын санаулы есімдер бар. Олар – аттары аңызға айналған Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және Бибігүл Төлегенова.10 жыл бұрын Павлодар облысының әкімі болған кезімде маған Бибігүл Төлегенованы құттықтау құрметі бұйырды. Бүгін тағы бір мәрте 90 жылдық мерейтойымен құттықтап тұрмын. Бұл мен үшін ерекше, қуанышты сәт», — деді Алматы әкімі. Сағынтаев сонымен бірге әнші өзінің тума таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында өнердің шыңына шыққан, халқының шынайы махаббатына бөленгенін атап өтті. Сырттай тек жеңістерден ғана тұратындай көрінетін Бибігүл Ахметқызының өмірі тақтадай тегіс болған жоқ. Балалығы ашаршылыққа тұспа-тұс келсе, жастық шағы Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарына сәйкес келді.  Қала әкімі Бибігүл Төлегенованың арқасында әлемдік опера сахналарында қазақстандық композиторлардың шығармалары орындалғанын ерекше атады. Оның театр мен кинодағы бейнесі және рөлдері халықтың есінде мәңгілік қалады. Қала басшысы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры болған кезінде Бибігүл Төлегенованың талай таланттарды тәрбиелегенін және олардың бүгінде ұстаз есімін асқақтатып жүргенін де тілге тиек етті.

Өз кезегінде ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық әртісін айтулы мерекемен құттықтай келе, Бибігүл Төлегенова ХХ ғасырдың әйгілі әйелдерінің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгенін айтты. «Бұл – қазақ халқы және қазақ әйелдері үшін үлкен мәртебе», — деді Ақтоты Райымқұлова. Сонымен бірге мәдениет және спорт министрінің сөзінше, Бибігүл Ахметова — қазіргі заман жастарына үлгі.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Құсайынов Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтау сөзін оқыды. Сонымен бірге Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов мерейтой иесін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың атынан құттықтады.

Ермак Сәлімовтың сөзінше, келесі жылы Б.Төлегеновның туған жері Семейде мерейтой иесі мен Абайдың 150-жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өтеді.  Сондай-ақ, «қазақ бұлбұлының» құрметіне Семейдегі Мәдениет үйіне әншінің есімі беріледі.

Өз кезегінде Бибігүл Төлегенова барлық қазақстандықтар мен көрермендерге қолдаулары мен құттықтаулары үшін алғыс айтып, баршаға бақыт, амандық және мықты денсаулық тіледі.

«Менің мерейтойлық мерекем жақында желтоқсанның 3-і мен 16-сы күні менің туған күнімде Нұр-Сұлтан қаласында тойланды. Қуаныштымен және барлығыңызға ризамын. Бүгін театрымызда қорытынды кеш өтіп жатыр. Жалпы алғанда, мен 90 жасыма қарамастан сіздердің орталарыңызда жүргеніме ризамын. Халықтың маған, менің шығармашылығыма деген махаббатына қайтара куә болдым, өте бақыттымын,- деді Бибігүл Төлегенова. «Жаңа жыл жақындап қалды. Кеше қалың қар жауды. Келер жыл да кеше түнде түскен қардай мол қуаныш әкелсін», — деп тіледі Бибігүл Ахметқызы Төлегенова.

Мерейтойлық концертті шараның басты себепкері Бибігүл Төлегенова ашты. Ол ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» шығармасын орындады. Залдағы көрермендер әншіге орындарынан тұрып ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

Содан кейін концертке Б.Төлегенованың шәкірттері қатысты. Олардың арасында белгілі қазақ эстрада және опера әншісі Толқын Зәбирова, сонымен бірге Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары бар. Концерттік бағдарлама халықаралық байқаулардың лауреаты, опера әншісі Елена Зарембаның (Люксембург), Өзбекстанның Халық әртісі, Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер байқауының Гран-при иегері Рамиз Усманов пен өзге де әншілердің өнер көрсетуімен жалғастырды.  Қазақстандық және шетел композиторларының операларынан ариялар, халық әндері, романстар, оркестрлік шығармалар, хореографиялық нөмірлер орындалды.

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің Ерболат Ахмедьяровтың дирижерлік етуімен тамаша музыкалық сүйемелдеуі шығармашылық кеш қонақтарының құлақ құрышын қандырды.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде