
Атырау облысының Индер ауданында шағын кір сабын өндіру цехы жұмыс істейді. «Алтын» жеке кәсіпкерлігінің директоры Алтынбек Дүйсембиевтің бұл кәсіпті бастағанына бір жылға жуық уақыт болыпты.
«Бастапқыда біраз ізденіс үстінде жүрдік. Сабын өндірудің қыр-сырын білу үшін интернеттен ақпараттар жинап, әзірге өзіміздің шамамыз жететіндей деңгейде жұмысымызды бастадық. Шағын цех жасақтап, құрылғыларымызды орнаттық. «Көш жүре түзіледі» дейді ғой, енді ғана сабынымыз сапалы шыға бастады», – дейді кәсіпкер.
Алтынбектің айтуынша, кір сабын қоспасының басым бөлігі кәдімгі күнбағыс майы мен малдың іш майы көрінеді. Ол үшін ауылдағы фастфуд тағамдар дайындайтын дүңгіршектерден қайнатылған күнбағыс майларын жинайды. Оны арнайы ыдыста қайнатып, үлкен қазанға құяды. Қазандағы майға қоспаларын қосып, әбден илеген соң, қоймалжың сабынды нығыздап, пішініне келтіретін құрылғыға ауыстырады. Осылайша, кәдімгі кір сабын жасалады.
Бірақ ол әлі өнімін нарыққа шығара қоймапты. Әзірге қоймаға жинап жатыр. Алдағы уақытқа біраз жұмысты жоспарлаған. Кәсіпкер: «Аудан халқын сабынмен қамтысақ деген ойдамыз. Оған мемлекет тарапынан қолдау да бар. Жақында «4 млн 700 мың теңге ұттыңдар» деген хабарлама келді.
Ол қаржыны құрылғылар алуға жұмсаймыз. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген бар. Қазір талпынған адамға еңбек етуге мүмкіндік зор. Оның үстіне мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдау көп. Мәселен, бөлінетін гранттар, берілетін несиелер қаншама? Соны пайдаланып, жастық жалын барда еңбектенген дұрыс деп есептеймін.
«Биыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы жылдар ішінде біздің елде көптеген оң өзгерістер болды. Көре білген адамға қай сала да қарқынды дамып келеді. Соның ішінде шағын және орта бизнесті айта кетуге болады. Бұның бәрі азаттығымыздың, ел бірлігінің арқасы деп есептеймін», – дейді жас кәсіпкер.
Нұргүл сәкенқызы,
Атырау облысы