Алматыда қоқыс тазалайтын техника үш жасар баланы анасының көз алдында басып өлтірді. Қайғылы жағдай Панфиловшылар саябағында болды. Арнайы техника тізгініндегі жүргізуші қамауға алынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Оқиға тапа-тал түсте, саябақта демалушылардың көз алдында болды. Бақтың ортасымен өтіп бара жатқан трактор үш жасар баланы жаншып барып бір-ақ тоқтаған. Бала сол арада тіл тартпай кетті. сәби анасымен серуендеп жүрген екен. 51 жастағы жүргізуші ойнап жүрген баланы байқамай қалғанын айтып ақталды. Балалар жүретін саябақта трактордың емін-еркін қозғалуына кімнің рұқсат бергенін тергеушілер анықтап жатыр. Нәрестені басып өлтірген трактор жүргізушісі қамауға алынды. Болған жайтті балмұздақ сатушылары көрген. Айтуларынша, баланың анасы сол сәтте телефонға видео түсіріп жүріпті.
— Шешесі ана жақта видеоға түсіріп жүрген ғой. Күнде өтіп жүрген машина. Бала өтіп кеткен сияқты болды, қарасақ, астында жатыр! Машина тарс етіп жүрді, тоқтады. Бала уже қан-қан боп жатыр.