Алматыда үш қабатты жекеменшік үйде газ жарылып, 3 адам ауыр жарақат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Первомайка ауылындағы Постышев, 64 «В» мекенжайында барак типтес 3 қабатты жекеменшік үйде жарылыс болды. Онда жалдамалы бөлмелерде 12 отбасы тұрып жатқан. Оқиға орнына жеткен апаттық-диспетчерлік қызметтің хабарлауынша, жарылыс бірінші қабаттағы №3 пәтерде болған. Қатты дүмпу үйдегі есік-терезені, ішкі қабырғаларды қиратқан. Мамандардың тексеруінен соң үйдегі газ қазандығы қирамағаны анықталды. Ал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, жедел жәрдем бригадасы №4 ауруханаға 3 пациентті жеткізді. Үшеуі да қазір жансақтау бөлімінде жатыр. «36 жастағы ер адамның денесін 100 пайыз күйік (3-дәрежелі) шалған. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастың жағдайы өте ауыр. 19 жастағы қыздың денесінің 85 пайызын күйік (3-дәрежелі) шалған. Жағдайы өте ауыр. 23 жастағы жігіттің беті, аяқ-қолдары күйген (1-дәрежелі). Денесінің 22 пайызы зақымданған. Бұл пациенттің де жағдайы өте ауыр», — деді басқарманың баспасөз қызметінен.