jasqazaq.kz

Алматыда сүрілуге тиіс үйлердің тұрғындары қирандының ортасында қалған

29 шiлде 2020, 23:01

Үйлерінің сүрілгенін қалайды. Алматыда жолайрықтың бойында тұратын жұрт баспанасының тезірек бұзылғанын талап етіп отыр. Өйткені қала басшылығымен келісімге келіп, үйінің бағасын да белгіліп қойғанына бірнеше жыл болған. Ал оның әзір орындалатын түрі жоқ. Жолайрық құрылысы жүріп жатқанымен, маңайдағы жер үйлердің жартысы ғана бұзылыпты. Қалғаны не әрі емес, не бері емес, қирандылардың арасында отыр. Жұрт қоқыс пен соның кесірінен қаптаған кеміргіштерден шаршаған. Ал әкімдіктің жауабы қашанғыдай жаттанды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Дауға өтемақының дер уақытында берілмеуі себеп. Баспана иелері шенділер ұсынған қаражатқа төрт жыл бұрын келіскен. Алайда әлі күнге дейін не ақша жоқ, не жағдай жасалмаған. Керісінше, үйлерді оңды-солды сүрген олар, айналаны қоқыс алаңына айналдырыпты. Тұрғындар баспанасын жайлаған зиянкестерден әбден зәрезап болған. Сондай-ақ, көшіп кеткен көршілерінің әйнек-терезесі сынып, қираған үйлерінен үрейленіп жүр. Өйткені жапсарлас орналасқан орынға қаңғыбастар паналауды шығарыпты.

Гүлмира Мұстафина, Алматы қаласының тұрғыны:

-270 адамның ары кетсе жартысы ғана сол ақшасын алып, қазір үйлері сүруге кетіп, ол кісілер кетіп қалды. Ал енді қалған жартысы – біздер. Қазіргі карантиннің кезінде микробтар, сүрілген үйлердің, шаң-топырақтың ортасында қалдық. Сүрілген кезде ит-мысықтары қалып қойған, өздерімен әкетпеген. Тышқан, егеуқұйрықтар бар, өлекселері иісі шығып – антисанитария. Кәріздер ашық қалған. Соның қақ ортасында отырмыз.

Тұрғындар «қара суықта қара терге түсеміз» дейді. Себебі, жылдар бойы жөндеу көрмеген үйлердің күн сайын төбесі тесіліп, іргесі сөгіліп жатыр. Ақшасын ала алмай, амалсыз бас сауғалап келгендер, күндерінің тек күтумен өтіп жатқанын айтады.

Олеся Ковальчук, Алматы қаласының тұрғыны:

-Біз алты жылдан бері күнкөрістің қамымен келе жатырмыз. Алдымен үйді бағалаймыз дегенін күттік, енді ақша беруін күтіп келеміз. Қайта-қайта құбырымыз жарылады. Пәтер иелері кооперативі бізді ұмытқалы қашан. Үйіміздің әбден сиқы кетті. Сүруге кететін болғасын, жөндеу де жасай алмай отырмыз.

Жиылған жұрттың ортасына жауаптылар да келді. Олар бұл мәселенің шешімін таппай жатқанына қазіргі карантин себеп дейді. Өйткені шенділер баспаналарды бұзуды бұған дейін екі кезеңге бөліп қарастырған екен. Былтыр алғашқысын аяқтап, 147 нысанды сатып алыпты.

Ерлан Жармұханбетов, Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

-Ол кезде 73 нысанға неге біз ақша сұрамағанбыз? Ол кезде соттың шешімі дайын болмады, елдің келісімі болмады. Сондықтан біз оны биылғы жылдың басында өтініш бердік. Ол пандемия болғаннан кейін қаралмады, берілмеді. 12-маусымда біз тағы да бердік. Ол енді қыркүйек айында қаралады. Сол қаралған нәтижесінде біз бұл кісілердің бәрінікін сатып аламыз.

Сонымен атқамінерлер келесі нысандар күз айында қаралады деп уәде етті. Егер карантин тағы кедергісін келтірмесе, тұрғындар жыл соңына дейін жаңа орынға көшуі мүмкін.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде