
Алматылықтар көшелердің бірінде Сталиннің ескерткішін байқады. Ескерткіш Гете көшесіндегі бұрынғы «Колосс» мәдениет үйінің алдына қойылған. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мүсін түнде орнатылған. 5 желтоқсан күні бұл жерде ешқандай ескерткіш болмағанын айтады.

«Ескерткіш бүгін түнде орнатылған, кеше жоқ еді. Ескерткіш қоршаумен қоршалған. Оған ешқандай жазу ілінбеген, түрі Иосиф Сталиннің өзі», — дейді жергілікті тұрғын Вячеслав.
Оның айтуынша, сол жерден өткен адамдар мүсінді суретке түсіріп, оның орнатылғанына таңырқап қарауда.
Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігінің хабарлауынша, ескерткіш уақытша орнатылып, бұл тек фильм түсіру үшін керек болғанын айтқан. «Бұл ескерткіш «Эвакуация» фильміне арнайы қойылған. «Қазақфильм» киностудиясының режиссері Фархад Шарипов 1941 жылы Алматы қаласындағы эвакуация туралы фильм түсірмек. Пенопласттан жасалған ескерткіш 7 желтоқсан күні сағат 12.00 алынып тасталады», — деп хабарлады әкімдіктегілер.