jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алматыда қант бар, бірақ қымбат

17 маусым, 11:33
124

Алматыда қант бар, бірақ қымбат

Жеміс-жидек пісіп, халық тосап қайнатудың қамына кіріскенде қанттың да бағасы қайнап шыға келді. Қазір енді қант аламын десеңіз, біраз әбігерге түсуіңізге тура келеді. Өйткені шағын азық-түлік дүкендерінен бастап ірі базарларға дейін аралап көріңіз, шекерге деген жұрттың ындыны кепкенін байқайсыз.

Қант қымбаттайды дегенді естіген жұрт ала дорбасын арқалап, сауда орындарында сап түзеп кезекке тұруға мәжбүр. Онда да бір адамға бес келіден артық берілмейді. Бір ғана Алматының өзінде құмшекердің бағасы әр түрлі. Базарда бағасы шарықтаған шекер қалтаңызға кәдімгідей салмақ түсіреді.

Өткен айдың ортасынан бері «қант жоқ», «бағасы шарықтап тұр» деген даурығу басылудың орнына үдеп барады. Емен есіктің арғы жағындағы ақ жағалылардың арасынан алғаш болып осы мәселеге үн қатқан ауыл шаруашылығы министрлігі қант тапшылығын жоққа шығарып еді. Алматы әкімдігі де қалада қант тапшылығы туындағанын өтірікке балап отыр. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы берген дерекке сүйенсек, Алматыға күн сайын 300-500 тонна аралығында қант жеткізіледі. Басқарма қант қоры жеткілікті дегенімен, халық «дүкенде қант жоқ» деп шулайды. Кімге сенеміз?

Қант тапшылығын өз көзімізбен көру үшін қаланы аралап, дүкен сөрелерінен шекер іздеген тұрғындардың пікірін білдік.

Алматыда қант бар, бірақ қымбат

Назира Кененбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

«Шекерді күнделікті шайға пайдаланбасақ та, түрлі тәттілер, тоқаш пісіруге қосамыз. «Қасқалдақтың қанына» айналмай тұрғанында көбірек сатып алған едік. Туған-туыс, көршілеріміздің қант таппай Талдықорғаннан алдыртқанын да көріп жүрміз. Бағасы дүкендерде шарықтап тұр. Сондықтан қант тапшылығы жоқ дегенге сенбейміз».

Руфина Иманбақиева, қала тұрғыны:

«Алматының Алатау ауданына қарасты Қарасу шағынауданында тұрамын. Үйдің жанындағы дүкенге күнде барам, бірақ қант жоқ. Жақын маңдағы сауда орталығына да соқтым, дәл осы кеп. Олар да жоқ деп отыр. Бала-шаға кішкентай болғаннан кейін шекер үзілмеуі керек. Алдағы уақытта мұндай тапшылық бола берсе, бәлкім, қанттың дәмін де ұмытатын шығармыз».

Қант тапшылығының ақ-қарасын анықтау үшін біраз сауда дүкенін бақыладық. Үш күн бойы Magnum, Small секілді сауда желілерін, үй жанындағы ұсақ дүкендер мен базарларды байқап, бағаларын салыстырдық. Айтқандай-ақ, бір келі қант іздеп біраз сандаласыз. Кірген 7 азық-түлік дүкеніміздің бірінен ғана құмшекер таптық. Бағасы – 890 теңге. Ал «Көк базарды» шарлап жүріп тапқан шекердің келісі 750-800 теңге аралығында. Small сауда желісінде, тіпті де таба алмадық. Сатушылардан сұрап едік, «кеше келген қантты өзіміз де алып үлгере алмай қалдық» деді.
Қала бойынша қантты ең арзан бағамен сатып отырған Magnum сауда желісінің бірнешеуіне бас сұқтық. Magnum express дүкенінде бір келісі – 445 теңге. Таразының жанында «Бір қолға 5 келіден артық қант берілмейді» деген ескерту ілініп тұр. Қызметкерлердің айтуынша, сауда желісіне жеткізілген 10 тоннадан астам құмшекер 1-2 күнде өтіп кетеді екен. «Арыстан» базарында қанттың бір келісін 700-750 теңгеден, ал «Метро» дүкенінде 599 теңгеден сатып алуға болады.

Айшат Нақа,
Тұран университетінің
2-курс студенті

15 шiлде, 12:01
«Сіз бай болсаңыз, біз кедейміз»
15 шiлде, 11:51
Wimbledon бізге де бұйырды!
15 шiлде, 11:25
Нан ауыз тисе жетті емес пе?!.
15 шiлде, 11:11
Ұшты, ұшты баға ұшты
15 шiлде, 11:04
«Ел аумағының қорғаны – әскери авиацияның қуатында»
08 шiлде, 11:57
Алғыр алпыс (немесе ғылыми емес баяндама)
08 шiлде, 11:48
«Алматы жастарын» алалаған кім?!
08 шiлде, 11:37
Не деген ақша!