jasqazaq.kz

Алматыда бір топ адам жиһазға тапсырыс беріп алданған

02 қараша 2020, 22:25

Алматыда тұрғындар жиһаз жасаушылардан алданып қалған. 30-ға жуық адам жиһазға тапсырыс беріп, жер сипап қалыпты. Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған парақшаның иесіне 50 миллионға жуық қаражат құйғандар енді не істерін білмей дал. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Пысықайларға сан соғып қалғандар бір жылдан бері не жиһаз, не ақшасын қайтара алмай сергелдеңге түскен. Алаяқтарға алдандық дегендердің базынасын тілшіміз тыңдап қайтты. Әзизаның жиһаз цехының табалдырығын тоздырып жүргеніне бір жыл болған. Ол әлеуметтік желідегі жиһаз жасаушыларға тапсырыс бергеніне әлі күнге дейін өкінеді. Алаяқтардың арбауына түскенін енді түсінген келіншек берген қаражатын ала алмай сергелдеңге түскен.

Әзиза Жұмабаева, Алматы қаласының тұрғыны:

— Бір жылдан бері біз ешқандай жиһазды қойдыртқан жоқпыз. Ақшамыз сол күйі күйіп кетті. Инстаграмда жазылушылары өте көп, бірақ пікір аз. Мен суреттеріне қараған кезде басқа жерден сурет алғанын білдім. Бірақ парақшаны жарнамалау үшін осындай қадамға барды деп түсіндім. Біздің қорқатынымыз, олар басқа да адамдарды алдауы мүмкін.

Әзизаның күйін кешкен 30-дан астам адам бар. Олар да сан соғып қалған. Аңғал жұрттың жиһаз жасап берушілерге санап берген жалпы соммасы 50 миллионға жуық. Пысықайлар клиенттермен жеке-жеке келісіп, алдын ала төлем ретінде тапсырыстың 70%-ын талап етті дейді.

Әсем Құрбанова, Алматы қаласының тұрғыны:

— Келісім-шартпен қыркүйектің 14-21 аралығында біту керек болатын. Ол кісі байланысқа да шықпай, жоқ болып кетті. Жартысын қойып кетсе, түсінер едік. Ол қоймаған. Ақшаны алып, жоқ болып кетеді. Пікірлерін де оқып шықтық. Жақсы жиһаз жасайды дегенге қарап күдік болған жоқ.

Расымен де «жиһаз жасаймыз» дегендердің инстаграм парақшасынан күдік келтіру қиын. Жиһаздардың сан түрлі суреті жақсы пікірлерге толы. Бірақ жиһаз цехының алдына жиналғандар алаяқтардың құрығына түскеніне сенімді. Өйткені олар шеберхананың ішіндегі дайын бұйымдардың фото-видеосын барлығына бірдей жіберіп, «сіздің тапсырысыңыз дайын» деп көпшілікке сенім ұялатқан.

Меруерт Цой, Алматы қаласының тұрғыны:

— Менің тапсырыс берген жиһазымды ол басқа адамдарға ұсынып былықтырған. Ең қызығы, алаяқтар клиенттердің барлығынан ақ түсті жиһаз жасауға көндірген. Сосын өздеріндегі дайын материалды барлығына бірдей жіберген. Бұл алаяқтар жоспармен жұмыс істегендері анық. Тіпті төлемдерді өзіне емес, басқа адамдарға аудартып отырған.

Жәбірленушілер амалдың жоқтығанан полицияға ұжымдық арыз жазды. Тәртіп сақшылары «алаяқтық» бабымен іс қозғап, тергеу бастағанын жеткізді. Алданғанын кеш түсінген көпшілік жұртты қаражатты қалтаға басып ізім-ғайым жоқ болатын алаяқтардан сақ болуға шақырады.

18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия