Алматыда Бибігүл Төлегенованың мерейтойлық Х халықаралық вокалистер байқауы аяқталды. 23-қыркүйекте байқау жеңіпаздарының есімдері мәлім болды. Брифингке байқаудың қазылар алқасының төрайымы, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, академик Бибігүл Төлегенова, Париждегі Ресей музыка қауымдастығының төрағасы Петр Шереметьев, сонымен бірге байқаудың құрметті қонағы, италиялық орындаушы Витторио Терранова қатысты. Терранова Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауының жеңіпазына Еуропаның классикалық музыкадан беделді байқауына іріктеу турына бармастан қатысуға бірегей мүмкіндік берілгенін мәлімдеді.

Брифинг барысында қазылар алқасы мүшелері жеңіпаздың есімін жариялады. Ол — керемет тенор дауысты жас орындаушы, «Ла-Скаладағы театр академиясының» түлегі, көптеген беделді шетел байқауларының жеңіпазы Козимо Оресте. Италияның Қазақстандағы осы ән жарысына биыл бірінші мәрте қатысып отырғанын айта кеткен жөн.
«Бұл — менің Қазақстанға алғаш келуім. Вокалдық байқауға да алғаш рет қатысып отырмын. Менде байқауға қатысуға дайындалуға небәрі 3 апта болды. Осы қысқа уақыттың ішінде қазақ тілінде ән үйреніп, осы жарыста орындауға тиіс болдым. Бәсекелестерім де жақсы өнер көрсетті, алайда осы бір апта ішінде біздер достасып бір командаға айналдық. Қазылар алқасына маған көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын».
Тенор іріктеу турында танымал қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романсын орындады. Қазылар алқасының төрайымы Бибігүл Төлегенова байқаудың барлық қатысушылары мен серіктестеріне алғыс айтты. Ол «Самұрық-Қазына» АҚ, сонымен бірге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорына, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қосқан үлестерін ерекше атап өтті.

Біраздан кейін шараның жабылу салтанаты өтті. Байқау жеңіпаздарын марапаттау рәсімін Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының Е.Ахмедьяров жетекшілік еткен симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен байқау лауреаттарының гала-концерті жалғастырды.
Жоғары классикалық өнер әуесқойлары әдемі опера музыкасын, байқау жеңіпаздары мен лауреаттарын жанды дауыста тыңдап, жас дарындар мен олардың шығармашылығын бағалау мүмкіндігіне ие болды!
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 16-23 қыркүйек аралығында Алматыда Халықаралық вокалистер байқауы оныншы мәрте өтті. Шараның идеялық дем берушісі — КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, қазақтың бұлбұлы, академик Бибігүл Төлегенова.
Байқау жыл сайын дарынды жас орындаушыларды табуға көмектесіп, қазақ классикалық өнерінің беделін арттырып, қазақстандық композиторлардың шығармаларын насихаттауға септігін тигізеді. Байқаудың міндетті шарттарының біріне сай, қазақ музыкасының үздік үлгілерін орындау қажет.
Биыл байқауда Қазақстан, Италия, Ресей, Қытай, Украина, Болгария, Тәжікстан, Әзірбайжан, Моңғолия және т.б. 11 елден келген 58 қатысушы өнер көрсетті.
Байқауды «Мирас» қоғамдық ұлттық қоры Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған.
Байқаудың бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ.