Биылғы жылдың 16-26 қыркүйек аралығында Алматыда оныншы Халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр. Шараның идеялық дем берушісі — КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, қазақтың бұлбұлы, академик Бибігүл Төлегенова.
Осы байқаудың мақсаты – жас ұрпаққа адамгершілік және эстетикалық тәлім беру. Вокалистердің халықаралық байқауы жастардың назарын классикалық және халық музыкасының таза қайнарына аудартуды көздейді.

Байқау жас дарынды орындаушыларды табуға көмектесіп, қазақ классикалық өнерінің беделін арттырып, қазақстандық композиторлардың шығармаларын насихаттауға септігін тигізеді. Байқаудың міндетті шарттарының бірі – қазақ музыкасының үздік үлгілерін орындау.
Вокалистер байқауына қатысушылар кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен, сонымен бірге алыс және жақын шетелдің Ресей, Қытай, Украина, Болгария, Тәжікстан, Әзірбайжан, Моңғолия және өзге де елдерінен келген.
Қазылар алқасы құрамында Петр Шереметьев, Михаил Мунтиан, Тамара Новиченко, Дамир Басыров тәрізді әйгілі өнер қайраткерлері бар. Қазылар алқасының төрайымы – КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Социалистік еңбек ері, КСРО және Қазақстан мемлекеттік жүлделерінің лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.
Байқаудың іріктеу туры Абай атындағы МАОБТ кіші залында басталып, ашылуы, жабылуы және ақтық туры да аталған театрдың үлкен залында өтеді. Байқау сынақтары іріктеу және ақтық турдан тұрады. Барлық тыңдаулар ашық түрде өтеді. Өнер көрсету тәртібі жеребе салу бойынша анықталып, соңына дейін сақталады. Ақтық турға 14-тен аспайтын қатысушы жіберіледі.
Әр қатысушының өнер көрсетуіне шығармашылық талдау, сонымен бірге кәсіби мамандардың ұсынымдары беріледі. Өнер мерекесі әйгілі әлем сахналарын бағындыратын әншілердің жаңа есімдерін ашуға мүмкіндік береді.

Байқау «Мирас» қоғамдық ұлттық қоры Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе ұйымдастырған. Байқаудың бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ.
Вокалистердің Х Халықаралық байқауын ұйымдастыруға Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Социалистік еңбек ері, КСРО және Қазақстан мемлекеттік жүлделерінің лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова: «Жас вокалистердің байқауы осымен оныншы рет өтіп отыр. Біздің халықаралық байқауымыз жас дарындарды табуда, классикалық музыканы орындаушылар мен бағалаушыларды тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып, осы арқылы Қазақстанның өнер саласындағы беделін арттырады. Байқауды өткізу бастамасы қызым, өкінішке орай қазір ортамызда жоқ өнер қайраткері Марьямгүл Төлегеноваға тиесілі. Жас орындаушылар біздің байқауымыздан шабыт алып, қанаттарын жаяды. Бұл байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен бастағанымызды айтып өткен жөн. Сол себепті біз шараны жоғары дәрежеде ұйымдастыруға тырысамыз. Байқау алматылықтар мен қала қонақтарына классикалық музыка орындаушылары көмегімен әсерлі өнер мерекесін сыйлайтынына сенім мол. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз. Ақ жол!», — деп атап өтті.
Байқау қатысушылары, халықаралық қазылар алқасы мүшелері, БАҚ өкілдері мен Бибігүл Төлегенованың мерейтойлық Х Халықаралық вокалистер байқауының барлық қатысушыларына Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дауешов қошемет білдірді:
-Бұл да мереке. Біздің мемлекетте болып жатқаны үшін әрине үлкен қуаныш. Сондықтан да Мәдениет және спорт министрлігі атынан бүгінгі қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованы Х халықаралық вокалистер конкурсымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметтолақызы Райымқұлованың ыстық ықыласын әкеліп отырмын. Сондықтан да оқып беруге рұқсат етіңіздер. Құрметті Бибігүл Ахметқызы, құрметті конкурсқа қатысушылар мен қонақтар сізді келе жатқан мерейтойыңызбен және дәстүрге айналған Бибігүл Төлегенованың Х Халықаралық вокалистер конкурсының ашылу салтанатымен құттықтаймын. Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы және ақыл-ойы парасаты деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та айтқандай қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын таратуға бар саналы ғұмырын арнаған Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың бүгінгі Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани аясының кеңеюіне ықпал еткені сөзсіз. Классикалық әлеуетін дамытып, оны насихаттау жас әншілердің шығармашылығын шыңдау мақсатында өткізіліп жатқан конкурс Талғат Мұсабаев, Наталья Music, Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғожин сияқты Қазақстанның дарынды жастарын өнерін паш етті. Бұл күнде олар бүкіл әлемнің сахналарында Қазақстанның вокалдық өнерін халықаралық деңгейде көрсетіп жүр. Бүгінгі күнде конкурс әлемде танымал болғандықтан облыс, жақын және алыс шетелдерден келген жас қатысушылар өз өнерлерін көрсететін болады. Қадірлі Бибігүл Ахметқызы сізді өзіңіздің тума талантыңыздың арқасында қазақ халқын әлемге танытып қана қоймай, ұлтымыздың ән өнерін кемел насихаттауға аянбай еңбек еттіңіз. Сіздің орныдауыңыздағы әндер Отандық музыка мәдениетінің алтын қорына енді. Сізге мерейлі күні зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілеймін. Ал Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер конкурсына ары қарай дами беруін тілейміз.