
Автобустың әйнегін таспен сындырған жасөспірімдерді ювенал полиция есепке алды, ал олардың ата-анасына айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Tengrinews.kz хабарлағандай, Алматы қаласының Алатау аудандық Полиция басқармасына автокәсіпорын басшысы жүгінген. Оның айтуынша, бір ай ішінде белгісіз біреулер №25 бағыттағы бес автобустың әйнегін сындырған.
«Тексеру барысында бұзақылар анықталды. Олар қала мектептерінің бірінің 7 және 9-сынып оқушылары болып шықты. Біздің ауданда тұрады. Балалар әрекеті үшін олардың ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы «Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылды. Бұл норманың санкциясы 7 АЕК көлемінде айыппұл салуды көздейді», — деді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы полковник Ілияс Өмірсеріков.
Жасөспірімдермен және олардың ата-анасымен құқықтық түсіндіру жұмыстары өткізілді.
«Мені Алатау аудандық ПБ-ға шақырды. Біздің автобустардың терезесін сындырған бұзақылар ұсталды. Полиция қызметкерлеріне алғыс білдіремін», — деп нақтылады өз кезегінде автокәсіпорынның өкілі.