
Құрылысы бітпеген нысан ем-шара бөлмесіне айналған. Алматыда қолданысқа дайын емес ғимаратта ешқандай санитарлық талапты сақтамастан, науқастарға заңсыз екпе салған орын анықталды. Енді астыртын жұмыс істеген процедуралық кабинеттің иелері қомақты айыппұл арқалайды. Ал дертке душар болып әбден қиналған тұрғындар шағын бөлменің қызметін тоқтатпауды сұрап отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Құрылысы бітпеген ғимаратқа кіріп-шығушы адам көп. Өйткені нысанның бірінші қабаты – екпе бөлмесі. Іште науқастарға ем-дом жасауға еш жағдай жасалмаған. Осыны естіген санитар дәрігерлер бүгін жағдайды өз көзімен көруге келді. Ал кәсібін қыздырғандар тексерушілерді күтпесе керек, абдырап қалды.
— Адамдар ауырып жатыр. Бізде – Саялыда жоқ.
— Жоқ, аға. Санитарлық талап бойынша, сіз ашпау керек едіңіз.
— Халық қой енді.
— Халық деуге болмайды.
— Баратын жері жоқ қой.
Нысан құрылысы аяқталмағаны былай тұрсын, мұнда қолжуғыш та жоқ. Залалсыздандыру заттарын да таппадық. Соған қарамастан жұрт ем-шара бөлмесінің жабылмағанын қалайды. Өйткені қазір екпе салатын орынды да, маманды да табу қиынның қиыны дейді.
— Мүгедекпін. Біздің бүкіл Саялыда медициналық орталық жоқ. Түсінесіздер ме? Мұны жапса, біз – мүгедектер, қай жаққа, қалаға барамыз ба? Оның бәрі ақша. Халыққа жақсылық істеп жатыр ғой. Міне, сізге айтайын, таңғы алтыдан, кешкі 11-ге дейін жұрт келіп жатыр. Жұрт қазір тиын таппай жүр, түсініп отырсыздар ма? Бұнымен сіздер халыққа жақсы қылмайсыздар. Керісінше, жамандық қыласыздар.
Мамандар мұндай жерде науқастарға екпе салудың аса қауіпті екенін айтады. Себебі, ем іздей келген тұрғындардың қан арқылы инфекция жұқтырып алуы әбден мүмкін.
Лаура Тойшиева, Алатау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы:
— Бұл процедуралық кабинетте екпе салынатын болған соң, ине, қанмен айналысатын болған соң, неше түрлі инфекция жұқтыруы мүмкін. Бұл жерде ешқандай эпидемияға қарсы іс-шаралар қолданылмайды. Хаттама толтырылып, бұл нысанның жұмысын тоқтату туралы қаулы шығарылады.
Заңсыз жұмыс істеген жеке кәсіпкердің бүгіннен бастап жұмысы тоқтатылды. Әрі егу бөлмесінің иелері 600 мың теңгеден аса айыппұл арқалады.