Алматыда Toyota Motor Corporation стандарттарын автокөлік шанағын жөндеу технологиясын табысты енгізген Орталық Азиядағы ең алғашқы сертификатталған «Тойота Сити» шанақ жөндеу орталығының тұсаукесері өтті. Toyota Motor Corporation сертификатын алу үшін қазақстандық «Тойота Сити» автоорталығы шанақ және бояу жұмысының ең үздік технологиясын енгізуге екі жылдай уақытын жұмсады.

Осы уақыт ішінде автоорталықтың шанақ цехы өзінің қызметін қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарының жүзден астам түрі мен талаптарын енгізді. Орталыққа келген отандық БАҚ өкілдеріне «Тойота Ситидің» техникалық директоры Эмиль Урлахер шанақ жөндеу цехының негізгі қызметін таныстырды.

Ол: « Шанақ жөндеу орталығы Тойотаның ең жоғарғы талаптарына сәйкес салынған жоғарғы технологиялық жөндеу, компютерлік және диагностикалық жабдықтармен, сондай-ақ орталықтың мамандарына кез келген күрделі жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін кәсіби орын. Жөндеу аймағы 28 бекеттен тұратын, ауданы 700 шаршы метрді құрайтын шағын өндіріс орны болып табылады. Жұмыс барысы көлікті қабылдаудан бастап, ақауларды бағалау. Бөлшектеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, бояуға дайындау, бояу және кептіру, тексеру, тұтынушыға тапсыру бөлімдерінен тұрады. Жөндеу жұмыстарын арнайы білім беру орталығында жүйелі оқып, аттестатциядан өткен әр түрлі кәсіптегі мамандар жүргізеді» — деді.

Шанақ цехының таныстырылымынан кейін, «ТойотаСити» басшылығы БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап берді. Осы орайда, «Тойота Мотор Қазақстан» компаниясының Тойота маркасы ресми дистрибьторының сатудан кейінгі қызмет көрсету департаментінің бас менеджері Виталий Венчаков: « Бұл оқиға халықаралық стандарттар бойынша жүзеге асырылатын «Тойота Сити» автоорталығының сату, сервис және жөндеу жұмыстарының тамаша көрсеткіштері. Ең бастысы дилердің қызмет сапасын арттырып, тұтынушыларға соңғы үлгідегі технологиялық қызмет көрсетуді ұсыну»- деп атап өтті.

Бүгінде шанақ жасау орталығы ай сайын 100-ден астам көлікті қабылдай алады. Алдағы уақытта қызмет сапасын арттырып, жұмыс кестесін ұзартып, көлік санын ай сайын 300 — ге жеткізу көзделіп отыр. Сондай — ақ аталмыш орталық жазға қарай автоорталық тұтынушыларына көлікті жөндеу құнын дербес есептеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр.
Мақпал Ноғайбаева