Алматы полициясы суға батып кеткен оқушыларға қатысты тергеуді бастады.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 2006 жылы туған Денис Мельников, Вадим Сизов және Сабыр Дүйсеғалиевтің өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Балалардың қаза болу себептерін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Үш оқушының үйден мектепке кетіп, содан қайтып оралмағаны туралы ақпарат Алатау аудандық полиция басқармасына 12 қаңтар күні кешкі сағат тоғыздар шамасында түсті.
«Ең алдымен, криминалдық және ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Балаларды іздеп табуға «LLider.kz» еріктілер қозғалысының өкілдері де атсалысты», — деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінен.
Алатау ауданындағы «Теректі» ықшамауданында су қоймасының жағасынан аталған үш жасөспірімнің мектеп сөмкелері табылған. Кейін іздестіру жұмыстарына республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жұмылдырылды.
Бүгін таңертең сағат сегіздер шамасында балалардың денесі судан шығарылды.