Алматы – оқу мәдениетінің ошағы

20 маусым 2023, 11:49

Оқу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын қалай өрістеткен жөн? Алматы тұрғындары кітап оқи ма? Jas Qazaq Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспановаға осы тақылеттес сауалдарды қойды.

– Бақытжамал Қайырбекқызы, кітап қоры бай Ұлттық кітапханаға келушілердің қатары қалай, артып келе ме?

– Иә, Ұлттық кітапхана қоры шынымен де бай, ұлттық және әлемдік мәдениеттің ең құнды жазба ескерткіштеріне ие. Онда қазақ кітаптары мен Қазақстан туралы кітаптардың ең толық жинағы, сирек басылымдар мен қолжазба құжаттар, басқа да бірегей жинақтар, картографиялық, музыкалық басылымдар, сондай-ақ заманауи форматтағы құжаттар жинақталған. Бұл қор, шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасы болып табылады.
Кітапханаға келетін оқырмандар саны да күннен күнге артуда. Өйткені олардың жұмысына, кәсібіне, оқуына қажетті ақпаратты, басылымның қай түрін болса да тек кітапхана қорынан табуға болады.

Қазіргі қоғам асқан жылдамдықпен дамуда. Жаңа ақпараттық жағдайға бейімделу үшін біз кітапхана әлеміндегі жаңа тенденцияларды ұстанып, технологиялық жаңалықтарды ескеруіміз керек. Кітапхана электронды каталогтар жасайды, кітаптарды цифрлайды, мәліметтер қорын қалыптастырады.
Кітап оқуға ынталандыру, халықтың барлық топтарының кітапқа деген қызығушылығын ояту және дамыту – қоғамның және ең алдымен кітапты кеңінен насихаттайтын кітапханалардың басты міндеті. Осыған орай, кітапхана қызметіне оқырмандармен жұмыстың жаңа түрлері енгізіліп, жобалар жүзеге асырылады.

Кітапханада қонақтары мен келушілеріне, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне, мектеп оқушыларына арнайы шолу экскурсиялар ұсынылып, кітапхана қызметімен және оқу залдарымен таныстырылады, қала жұртшылығына ашық есіктер күні ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар оқырмандар санын ұлғайтуға, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Басым бағыттың бірі – қызмет көрсету сапасын арттыру, ыңғайлы кітапхана кеңістігін құру.

– Оқу мәдениетін қалыптастырып, өрістету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Кітапхананың басты мақсаты — оқу мәдениетін дарыту, сол арқылы жастардың, өскелең ұрпақтың өзін-өзі жетілдіруіне ықпал ету. Оқу мәдениеті кітаппен жұмыс істеу дағдыларын, яғни, кітапты таңдай білуі, оқу жылдамдығы, оқығанды игеріп, терең қабылдауы, түсіну сапасы, есте сақтау, т.б. қамтиды. Кітап оқу мәдениеті, ең алдымен, оқырманның кітап оқуға деген байыпты қатынасын, оқырманның кітапты уақыт өткізу үшін ғана емес, өзін-өзі тәрбиелеу, дамыту, жұмысын ұйымдастыру және жетілдіру үшін пайдалануын білдіреді. Қажетті әдебиетті іздеп-таба білуі, оны ойға салып, талдай білуі, оны пайдалана білуі маңызды. Кітапхана саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Елде «Оқитын ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, мақсаты – халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, өскелең ұрпақтың бойына мәдени тәрбиені сіңіру және мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру болып табылады.

— Шаһар тұрғындарының оқу мәдениетіне қосып жатқан үлесі қаншалықты? Кітап оқуға қызықтыру мақсатында қала әкімдігімен бірлесіп қандай жұмыстар жүргізіліп, акциялар өткізіледі?

– Алматы – білім мен парасат қаласы. Білім аламын, таным-көкжиегімді кеңейтемін деп арман қуып келген адамды құшақ жая қарсы алатын қала. Бүгінде шаһарымызда білім алатын студенттерге және ізденушілерге барлық жағдай жасалған. Оған дәлел, қаламыздың әр ауданында орналасқан кітапханалар мен кітап дүкендерін айтсақ болады. Бүгінгі таңда кітапханаларда оқырманды өзіңе баурап алатын жайлы орта, ерекше атмосфера қалыптасқан. Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ісе асырылып келе жатқан балалар мен жастардың тегін қосымша білім алуына, өздерінің шығармашылықтарын дамытуға, ойлау қабылетін дамытуға үлкен мүмкіндіктер беретін заманауи орталықтар, коворкинг орталықтардың ашылуы да өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына үлкен әсер ететіні сөзсіз.

Ұлттық кітапхана оқырмандардың шығармашылық дамуы, білім алуы және өзін-өзі жетілдіруі үшін қолданыстағы кітапханалық технологиялар мен қызметтерді жаңғырту, жайлы кеңістік жасау арқылы олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, кітапханаға және кітап оқуға тарту бағытында үлкен жұмыстар атқаруда.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?