
Алматы облысында бірнеше күннен бері із-түзсіз жоғалып кеткен 23 жастағы Вакил Мамедов өлі табылды, деп хабарлайды жергілікті жердің Полиция департаменті.
Полицияның хабарлауынша, жігітті өзі тұратын ауылдың маңынан тапқан. Оның денесінде қинап өлтіру белгілері бар.
Бұл қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Ол марқұмның ауылдасы болып шықты.
«Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша қамау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді Полиция департаментіндегілер.
КТК мен Бірінші Еуразия арнасының мәліметінше, алдын ала нұсқа бойынша, Вакилді оның жақын досы әрі сыныптасы өлтіріп кеткен. «21 жастағы Евгений полицейлермен, еріктілермен және туыстармен бірге жоғалып кеткен жігітті іздестірді. Жігіттің ата-анасына қолдау білдіріп жүрді. Вакилдің өліміне еш қатысы жоқ екенін айтты. Бірақ ол жауап беру кезінде қателескен соң полицейлерде оның осы іске қатысы бар деген күдік туды. Ал таяуда ол адам өлтіргенін мойындап, кейін досының денесін қайда жасырғанын көрсетті», — делінген сюжетте. Ал қайтыс болған жігіттің туыстары бұл істе бірнеше адамның кінәлі екеніне сенімді.