
Алматы облысында қарулар мен оқ-дәрілерді және ірі көлемде ақша ұрлаған қылмыстық топ ұсталды.
«Оқиға 29 қазан күні Талғар ауданында болды. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланған қылмыскерлер пластикалық терезені керіп ашып, арнайы сейфте сақтаулы қару-жарақтар мен оқ-дәрілерін, ірі көлемдегі қаржыны жымқырған», — деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтады. Талғар ауданы полициясының жеке құрамын жұмылдырып, қылмыс жасаған топ мүшелері ұсталды. Қолға түскен 28-35 жастағы Алматы қаласының 3 тұрғыны да бұған дейін қылмыстық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған болып шықты. «Полицияға дер кезінде хабар берілгенінің нәтижесінде қылмыскерлер із суытпай қолға түсті. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 3-тармақшасына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қылмыскерлерден жауап алынды. Сондай-ақ, олардың басқа да қылмыстарға қатысы анықталу үстінде. Күдіктілер Талғар ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», — деп атап өтті облыстық полиция өкілдері. Айта кетейік, облыстық полицияның ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда өңірдегі қару-жарақ иелеріне қойылатын талаптарды тәртіп сақшылары қатаң бақылауға алған. Жыл басынан бері полицейлер заңсыз айналымнан 90-ға жуық қару тәркілеген. Олардық ішінде аңшы мылтықтары, шолақ мылтықтар, газ және травматикалық қарулар бар. Осындай жағдайлар орын алмауы үшін қару иелерін еліміздің заңнамасын қатаң сақтау қажет екенін ескертеді.