
Алматы әкімі Ерболат Досаев шығыны 2 млрд теңгеге шыққан әл-Фараби даңғылын жөндеу жұмысын тоқтатты.
«Әл-Фараби даңғылының Үлкен Алматы айналма жолынан Саин көшесіне дейінгі аралықтағы аумағын орташа жөндеуге жоспарланған 2 миллиард теңгені қаладағы сапалы жолы жоқ немесе жол төсеніші сапасыз аудандардың жол құрылысына қайта бөлу туралы шешім қабылдағанымды мәлімдеймін. Резервтерді іздестіру жұмыстары жалғасады», — деді Президенттің қатысумен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы әкімі Ерболат Досаев. Жаңа Алматыны кешенді дамыту жоспары аясында кемінде 100 шақырым жаңа жол салынады. 2022 жылы қаладағы 2 жол айрығындағы және Әуезов көшесін ұзарту жұмыстары аяқталады. «Осы жылдың мамыр айында жоспарланып отырған 2 метростанциясының іске қосылуы жолаушылар ағынын күнделікті 30-дан 86 мың адамға дейін арттырады», — деді Алматы әкімі.
ҚазАқпарат