jasqazaq.kz

Әлішер Бекенов: Жылу шығынын азайту энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді

Бүгін, 12:51

Елімізде энергия тиімділігін арттыруға арналған технологияларды енгізу қарқын алды. Әсіресе, ресурсты басқаруды оңтайландырып, апатты азайтатын және бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін жасанды интеллектіні пайдалануға басымдық берілуде. Осы орайда Алматыда жылу-энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде атқарылып жатқан шаралардың арқасында, қаладағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің жылу энергиясын есепке алу аспаптарымен жабдықталу деңгейі 98,65 пайызға жеткен. Есептегіштерді жаппай орнатудың нәтижесінде тұрғындардың жылуға төлейтін коммуналдық шығындары орта есеппен 20–30пайызға азайған. Саладағы цифрлық технологиялардың рөлі, үнемдеу механизмдері туралы Jas Qazaq тілшісі Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Алишер Бекеновпен арнайы сұхбаттасты.

—  Әлішер Ерланұлы, Алматыда  көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылу есептегіштермен жабдықтау көрсеткіші 98,65 пайызға жеткені қуантарлық жаңалық. Осы деңгейге жету үшін қандай бағдарламалар іске асырылды?

– Мемлекет басшысы мен қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі – тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның сапасын арттыру және ресурстарды ұтымды пайдалану. Алматыдағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту, күрделі жөндеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, жылу энергиясын есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі соңғы ауқымды бағдарлама 2018–2019 жылдары «ҚазОрталық ТКШ» АҚ бағдарламасы шеңберінде іске асырылды. Аталған бағдарлама аясында қалада 1 553 жылу энергиясын есепке алу аспабы орнатылды. Осы жүйелі шаралардың нәтижесінде бүгінде қаламыздың басым бөлігі нақты тұтынылған жылу көлемін есептейтін жүйемен толық қамтылды.

– Есептеу аспаптарын орнату тұрғындардың коммуналдық төлемдеріне қалай әсер етуде? Нақты үнемдеу бар ма?

– Әрине, тікелей әсер етеді. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылу есептегіштермен жабдықтау – ең алдымен жылыту үшін төлемдерді есептеудің ашықтығын арттырады. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметіне сәйкес, осындай аспаптары бар тұрғын үйлердегі жылу энергиясына жұмсалатын шығындар есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылардың тиісті санаттарымен салыстырғанда орта есеппен 20–30 пайызға төмен.

Бірақ мына нәрсені түсіну өте маңызды: есепке алу аспабын орнатудың өзі жылуды тікелей азайтпайды. Ол тек нақты тұтынылған ақыны төлеуге мүмкіндік береді. Ал нақты үнемдеу мөлшері ғимараттың техникалық жай-күйіне, жылу оқшаулау сапасына, жылу тұтыну режиміне және ауа райына байланысты болады. Ең жоғары тиімділікке жылуды есепке алумен қатар, үйді жылу оқшаулау, реттеу және ішкі инженерлік жүйелерді кешенді түрде күтіп-ұстау арқылы қол жеткізуге болады.

– Ауладағы және пәтер ішіндегі жылу құбырларын оқшаулау жауапкершілігі қалай бөлінеді?

– Бұл жерде теңгерімдік тиесілік шекарасы нақты айқындалған. «АлЖЖ» ЖШС жылумен жабдықтаушы ұйым ретінде өзінің пайдалану жауапкершілігі шегіндегі магистральдық және кварталаралық жылу желілерін оқшаулау жұмыстарын жүргізеді.

Ал тұрғын үйлердің ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін жылу оқшаулау, техникалық қызмет көрсету және ортақ мүлікті күтіп-ұстау жұмыстары кондоминиум объектісінің басқару органының (ОСИ, ПТ немесе ПКСК) тікелей жауапкершілігіне жатады. Тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру үшін пәтер иелері мен басқару органдары ішкі жылыту жүйелерінің тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуі, құбырларды жылу оқшаулап, жылу шығынын азайтуы қажет.

– Бүгінде цифрландыру саласы жедел дамып келеді. Жылу тұтыну көрсеткіштерін бақылауда қандай заманауи технологиялар қолданылуда?

– Қазiргi уақытта «АлЖЖ» ЖШС жылу энергиясын есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін «ЛЭРС УЧЁТ» бағдарламалық кешенін белсенді қолданады. Тиісті қосылым мен деректерді беру модулі болса, бұл жүйе көрсеткіштерді қашықтан онлайн режимінде бақылауды қамтамасыз етеді.

Бұл бағдарламалық кешеннің берер пайдасы мол. Ол жылу тұтыну параметрлеріндегі ауытқуларды, ықтимал судың ағып кету белгілерін, сондай-ақ температуралық және гидравликалық режимдердің бұзылуын ерте сатыда анықтауға жол ашады. Нәтижесінде мамандар авариялық жағдайлардың алдын алып, техникалық шараларды уақытылы қабылдай алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 12:51
Әлішер Бекенов: Жылу шығынын азайту энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді
05 қараша, 18:32
Тарих қойнауынан табылған жазу немесе ғалым мен қаламгердің үндестігі
05 қараша, 15:36
«Бәріне ортақ журналистика» - жаңа белестің бастауы
05 қараша, 15:17
«Бәріне ортақ журналистика»: Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған курс өз мәресіне жетті
04 қараша, 14:18
Аршат Бақтыгереев: Қаланың жасыл қорын сақтау – басты міндеттердің бірі
04 қараша, 14:12
Шымкентте ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу жобалары кеңейіп келеді
04 қараша, 14:04
Каха Имнадзе: Қазақстанның өңірлік интеграцияға серпін беруі – заңды құбылыс
04 қараша, 12:44
Данияр Жүсіпов: Табиғи қауіптің алдын алу – басты назарда
02 қараша, 14:24
Айман Оспанова: Шымкентте медициналық көмекті цифрландыру мен жаңғырту жұмыстары күшейді