
Екі ай бұрын алты жылға бас бостандығынан айырылған танымал әнші, композитор Гауһар Әлімбекова бүгін апелляциялық сот отырысында ақталды. Бұл туралы Тengrinews.kz хабарлады.
Бірақ арызданушы Бақыт Назарованың пікірінше, апелляциялық сот әділетсіз шешім қабылдаған. «Мен үшін бүгін соттың әділетсіз екені тағы бір дәлелденіп отыр. Себебі бірінші судья Қасымбеков өте әділетті шешім шығарған болатын. Шынымды айтсам, маған Әлімбекованың сотталғаны керек емес. Тіпті, оны ақтап шығарған кезде оған қуана қарадым. Мен тек залалымды қайтарғым келеді», — дейді Назарова. Енді ол бұл істі осылай қалдырмай, басқа да соттарға арыз жазбақ.
Ал Әлімбекова болса Назарованың айыбын орынсыз деп санайды. Себебі ол да өзінің жәбірленуші екенін айтты. «Негізінде мен де жәбірленушімін. Бұған дейін айтпай келіп едім. Назарова бір үйден айырылса, мен үшеуінен айырылдым. Көп халық түсінбей жатыр. Егер жаман пиғылым болса, өзіме көрші қылып оған да үй алып беремін бе?», — дейді әнші.
Әлімбекова өзіне қолдау білдірген халыққа алғыс айтып, осы іс бойынша ел жинаған қаражат туралы сөз етті. «Халықтан жиналған ақшаның бір тиынын да Назароваға бермеймін дегенмін. Себебі мен халық ақша жинасын деп сұраған емеспін. Абақтыда отырған кезімде халықтың маған ақша жинап жатқанын естіп, жылаған едім. Керісінше, мен халыққа ақша беруім керек шығар. Ақшаны кері қайтаруын сұрадым. Әрине, бұл жерде ақша жинаған әншілерді кінәлағым келіп тұрған жоқ. Олар маған тілектес болып, дұға етті. Істің мән-жайын білмей-ақ маған қолдау көрсетті. Халықтың ақшасын алмаймын, кім қанша берсе, сол қаржыны өздеріне қайтарып алуын сұраймын. Халықтан бір тиын алуға хақым жоқ», — деп Әлімбекова ағынан жарылды. Енді әнші алдағы уақытта Алматыда қайырымдылық концертін өткізбек.