Елордада жеңіл рельсті көлік құрылысы (LRT) бойынша жоба жалғасын табады. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтанда жеңіл рельсті көлік құрылысына келер болсақ, бұл бағыттағы жұмыс жалғастыруды қажет етеді. Бұл инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Қытайдың Мемлекеттік даму банкімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл займды қайта қаржыландыру туралы келісетін секілдіміз, яғни осы жобаны қаржыландыруға қатысты ел ішінде қаржы көзі ізделетін болады», — дейді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап беріп. Министр қазіргі уақытта жобаны қайта қаржыландыру көздері іздестіріліп жатқанын айтып өтті. «Мемлекеттік даму банкі желісі бойынша мәселелер туындағандықтан, бұл сұрақтарды Нұр-Сұлтан әкімдігіне жолдауға болады. Ал біз, қайта қаржыландыру бойынша басқа көздерді іздестірудеміз», — дейді министр.