

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев және «Шеврон» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Кеннет Дерр, 1993 жыл, Алматы
«25 жыл ішінде «Теңізшевройл» мұнай-газ нарығындағы көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи межеге – үш миллиард баррельге жетті. «Теңізшевройл» компаниясы экономиканың машина жасау, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты салаларында жұмыс істейтін мыңдаған қазақстандық кәсіпорынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз – алынған салықтар мен дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алынуы. Бүгінде жоба аясында 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жобаның барлық шығынының 32% астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиеді».
Нұрсұлтан Назарбаев.
2018 жыл
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Jas Qazaq газетінің арнайы жобасы. Егемен елдің қалыптасу тарихынан сыр шертетін жоба экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген қарышты қадамдар туралы баяндайды.
1991 жылы еліміз егемендігін жариялап, дербес мемлекет ретінде өз алдына отау тіккен кезде экономикалық тәуелсіздік туралы айтуға әлі ерте еді. Алып империя күйреп, бір-бірімен жымдасып, қабысып жатқан Одақтағы бұрынғы шаруашылық байланыстар бір сәтте үзілді. Аяғын тәй-тәй басқан жас мемлекеттің қалыпты өмір сүруі, өзгеден қалып қоймай, өркендеп-өрлеуі үшін ең алдымен отандық экономиканы қалыптастыру міндеті тұрды. Өндірісі тұралаған, кәсіпорны қаңтарылған, қызыл директорлары аяқтан шалған, сабан ақшасы күн сайын құнсызданған, жалақы мен зейнетақы айлап берілмейтін елде мұны қомақты қаражатсыз, яғни инвестициясыз іске асыру мүмкін емес еді. Ал қазынаның бүйірі бос.
1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арналған алғашқы стратегия қабылданды. Құжатта шетелден инвестиция тартуға айрықша мән берілді. «Темір шымылдықтан» кеше шыққан, ғаламдық қауымдастыққа әлі таныла қоймаған, нарықтық қатынастарға енді көшіп жатқан бұрынғы кеңестік республикаға бұл тым қиын шаруа.
Міне, осындай өліара шақта Қазақ елінің жігерлі де жаңашыл Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шет мемлекеттермен келіссөз жүргізе бастады. Бұл ретте 1992 жылы мамырда Вашингтонда Ақ үй қожайыны әке Бушпен өткен кездесуді айрықша атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Күнгей мен көлеңке» атты кітабында осы келіссөзді былай түйіндейді: «Вашингтондағы келіссөз ерекше мәмілемен аяқталды: Қазақстан ядролық (қаруы бар ел) мәртебеден бас тартып, оның орнына жас мемлекетті саяси тұрғыдан тану, кең ауқымды экономикалық қарым-қатынас және халықаралық аренада оған көмек беруіне қол жеткізді».
Н.Назарбаев әлемдік экономиканың беталысын айқындайтын американдық компанияларды елге шақырды. Алайда капитализмнің майын ішкен, тиімсіз жобаға беттемейтін бизнес шортандарын сендіру де, көндіру де оңай емес. Оның үстіне, салған қаржының қайтатынына кепілдік беретін заңдар ол кезде әлі қабылдана қоймаған. Бұған қоса, нарықта шикі мұнайдан гөрі қаржыға сұраныстың қашанда көп екені, инвестиция төңірегіндегі бәсекенің бір сәт толастамайтыны белгілі. Біз 2003 жылы АҚШ-тың Каспий энергетикасы жөніндегі кеңесшісі, тәжірибелі маман Стивен Маннмен Вашингтонда кездесіп, аталған тақырыпқа қатысты пікірін сұрағанбыз. Осы әңгіме-сұхбат сол жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Стивен Манн «қара алтынның» өз еліне қажет екенін, бірақ, керісінше, мұнайлы елдердің американ инвестициясына өте-мөте мұқтаж екенін айрықша атап өткен еді.
Сан қилы қиындықтарға қарамастан, 1993 жылы 6 сәуірде Алматыда Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында «Ғасыр жобасы» дүниеге келді. Меморандумға тәуелсіз Қазақстан атынан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының басқарма төрағасы – әкімші директоры Кеннет Т.Дерр қол қойды. «Теңіз» кенішін игеру мақсатында 40 жылда 20 миллиард доллардан астам инвестиция құю жөнінде уағдаластық жасалды.
Бұл, асырып айтқандық емес, ел ішінде тұрақтылықты, сыртқы қарым-қатынаста сенімді серіктестікті ту еткен жас мемлекеттің шын мәнінде толағай табысы еді. Тұрақтылық демекші, шетелдік инвестордың береке-бірлігі жоқ елге жоламайтыны белгілі. 90-шы жылдардың басында ішкі тұрақсыздық, саяси бақталастық, жалаң популизм, көршісімен дүрдараз, жаппай дағдарыстан көз ашпаған әзірбайжан елінің қиын ахуалы бұған айқын дәлел. Тек 1993 жылдың ортасында билікке Гейдар Әлиевтің келуімен тұрақтылық орнады. Алпауыт компаниялар Әзірбайжандағы мұнай мен газға бет бұра бастады. «Ғасыр келісімі» жасалды. Бәзбір сарапшылар әзірбайжандардың экономиканы шетелдік инвестиция арқылы дамытуға кіріскенде Қазақстан моделін үлгі ретінде ескергенін алға тартады.
Аса ірі «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны осылай құрылды. Кәсіпорындағы акциялардың 20 пайызы ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі. Бірлескен кәсіпорынға мердігер ретінде тартылған отандық кәсіпорындар қатары барған сайын молайып келеді. Демек кенішті игеруден біздің еліміз де өз үлесін алып отыр. Мұны айтып отырған себебіміз, шетелдік инвестицияның шапағатын көріп, кешегі қиын заман ұмытыла бастаған тұста кейбір саясаткерлер мен сарапшысымақтар, «бәрін білгіш» блогерлер сын айтуға көшті. Оларға салсақ, «кеніштерді шетелдіктерге басыбайлы бермеу керек еді, өзіміз-ақ өндіретін едік». Мұндай қисынсыз пікірді көлденең тартатындар арасында терістік көршімізді «озық тәжірибе» етіп көрсеткісі келетіндер де бар. Бірақ олар кеңестік қазынаның негізгі кіріс көзі болған мұнай-газ кешенін өзіне мирас ретінде иеленген Ресейдің сол кездегі қаржылай һәм энергетикалық әлеуеті жөнінде ауыз ашпайды. Бұл жерде Сібірдегі қара майдың өзіндік құны 3 доллар шамасында екенін айтқан жөн.
Ал Теңіз – күрделі кеніш. Мұнай тым тереңде. Мамандарға жүгінсек, мұндағы шикізат — ең кемі 3810 метр тереңдікте. Кейде ұңғыма одан да әрі кетеді. 2001 жылы 5235 метр тереңдіктен мұнай алынған. Сондай-ақ жер қатпарындағы қалыптан тыс жоғары қысым, күкірт қышқылы, меркаптан қосындысы, сонымен қатар, көмір қышқыл газының айтарлықтай көп мөлшерде болуымен ерекшеленді. Күкірт қышқылы тотығына шыдамды құрал-жабдықтар, ұңғы тетіктері елімізде болмады. Коррозияға шыдамды құрал-жабдық шетелде жасалды. Байырғы мұнайшылардың айтуынша, 1985 жылы кеніштегі №37 ұңғымада мұнай-газ фонтаны атқылап, жана бастаған. Сол кезде жалын 150-200 метр биіктікке көтеріліп, айналасындағы ыстық 200 градусқа жетеді. Ол 14 ай бойы тоқтаусыз жанып тұрады. Апат орнына шақырылған Одақ мамандарының алапат өртті ауыздықтайтын тәжірибесі де, құрал-сайманы да болмады. Тек американдықтар келіп жалынды ауыздықтай алды.
Міне, осындай кенішке шетелдік инвестор білікті маман мен заманауи технологиясын әкелді. Ілеспе газды жер қойнауына қайта айдайтын, күкіртті мұнайдан ажыратып алып, оны нарықта тиімді бағамен сататын, қоршаған ортаны қорғайтын бірегей жобалар жүзеге асырылды. Екінші буын зауыты іске қосылды. Өндіріс көлемін 39 млн тоннаға жеткізетін үшінші буын зауыты алдағы
Бірлескен кәсіпорын кеніштегі алғашқы қадамын 1993 жылы тәулігіне 60 мың баррель мұнай өндіруден бастады. 2010 жылы «қара алтын» өндірісі 25,9 миллион тоннаға жетті. Қазақстанның ғасырдан астам тарихы бар мұнай-газ өнеркәсібінде бір кеніштен дәл мұндай рекордтық деңгейде мұнай алынған емес.
Қазақстан – landlocked countries, яғни теңіз жолдарынан жырақта жатқан елдер қатарында. Бұл өнім өндіру ғана емес, оны әлемдік базарларға жеткізу көкейкесті мәнге ие деген сөз. Кеңестік Атырау-Самара құбыр желісі көлемі көбейген мұнайды тасымалдауға қауқарсыз еді. Елбасы осы кезеңде геоэкономикада көпвекторлық саясатты шебер жүргізе білді. Вашингтон Баку — Жейһан құбыр желісі жобасын қолдап, Мәскеу оған суық қабақ танытып жатқанда, Қазақстан американдық «Шеврон», ресейлік «ЛУКойл» бастаған компаниялардың қатысуымен Теңіз мұнайын солтүстік көршіміздің Қара теңіздегі Новороссийск айлағына жеткізетін, қуаты 68 млн тоннаға жететін Каспий құбыр желісі консорциумы (CPC) жобасын іске асырды.
Энергетикадағы алғашқы қарлығашқа айналған «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының құрылуы әлемдегі алпауыт компаниялардың назарын елімізге мықтап аударды. Көп өтпей, Қарашығанақ, Қашаған сияқты алып жобалар жүзеге асты. Шетелдік инвесторлар Қазақстанды сенімді серіктес ретінде бағалай бастады.
ТШО Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібі үшін аса маңызды машина жасау ісін қолға алғанын жариялады. Бірлескен кәсіпорынның Бас директоры Кевин Лайон журналистермен кездескенде біз осынау тың жоба жөнінде сұрадық. Тәжірибелі мұнай менеджері болашақта жасалатын замануи құрал-жабдық пен технологияның игігілін бүкіл еліміз көретінін жеткізді. Бұл, сөз жоқ, тәуелсіз мемлекетіміздің тағы бір жарқын жетістігі.


Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы