jasqazaq.kz

Әлемдік саясаттың әйгілі өкілі

24 мамыр 2019, 15:42

Қасым-Жомарт Тоқаев бала күнінен халықаралық қатынастардың хас маманы болуды армандап өскенін өзінің бес томдық шығармалар жинағында аракідік айтып отырады. Армандар орындалатыны рас. Сол асқақ арманы оны кейіннен талай биіктерге көтерді. Жүрек қалауымен таңдап алған мамандығына апаратын жолда ол көп ізденді. Көп оқыды. Орыс, ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгеріп алды. Алматы қаласындағы француз тілін тереңдетіп оқытатын № 25 лингвистикалық гимназияда оқыған оған дүниедегі ең мәдениетті халықтың тілін үйрену де қиынға соқпады. Дипломатияға деген құштарлық оған ана сүтімен, ана қасиетімен келгені сөзсіз. Олай дейтініміз, шет тілдері институтында дәріс берген аяулы анасы Тұрар Шабарбаеваның тамырын тереңге жайған тәрбиесін болашақ тұлғаның бойынан жаңылмай табуға болады.

Саясат метаморфозасының майын ішкен Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік туын тұғырға қондырған алғашқы күндерден Қазақ мемлекетінің сыртқы саяси векторын түбегейлі анықтап, оның Тұжырымдамасының негізгі аспектілерін жасауға тікелей атсалысқанын халық жақсы біледі. Аймақтық ынтымақтастық сұрақтарынан бастап халықаралық қауіпсіздік мәселелері арасындағы толып жатқан проблемаларды шешуде Қасым-Жомарт Тоқаев – барлық күш-жігері мен білімін жұмсаған қабырғалы қайраткер. Қазақстанның азиялық бағыттағы сыртқы саясатының, Таяу және Орта Шығыс мемлекеттерімен қарым-қатынас, Америка құрлығы елдерімен ынтымақтастық, мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы еуропалық векторды барынша дамыту, одан қалды Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы орны мен ролі сияқты кесек түйіндерді шешуге басын байлаған Қасым-Жомарт Тоқаев өз елінің халықаралық аренадағы орнын ойып алуына айрықша тер төккен патриот екенін қазір екінің бірі біледі.
Ол шын мәнінде әлемдік деңгейдегі тәжірибелі дипломат екенін тәуелсіздік жылдарында айрықша дәлелдеп шықты. Қазақстан Республикасының сыртқы саясат ведомствосын екі мәрте басқарған ол алғаш рет бұл лауазымына мемлекетіміздің әлемге белгісіз кезінде кіріскенін көп адам ұмыта қойған жоқ. Халықаралық деңгейде дипломатия абызына айналған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір кездері айтқан ғажап ойы бар: «Елдің ішкі шаруасы жақсарған сайын сыртқы саясатты жүргізу оңайлай береді». Айтары жоқ, ел тәуелсіздігінің алғашқы бес-алты жылында елдің жағдайы өте қиын болғанын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кездері жас мемлекеттің сыртқы саясатын жүргізу оған және мемлекетіміздің дипоматиялық ведомствосына оңай соқпағаны бесенеден белгілі. Тоқаевтың дипломатиялық феномені дәл осы Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарынан бастау алғанын айтып жату – басы артық дүние.
Әлемдік қарым-қатынастың қыр-сырын және батыстық һәм шығыстық дипломатияның ішкі тынысын бүге-шігесіне дейін білетін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мемлекеттік мүддесін жоғары деңгейде, өте сауатты және лайықты түрде қорғаумен бірге бұл істе қазақ дипломатиясының тұтас бір плеядасын тәрбиелеп шығарғаны да – басы ашық шындық. Еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделінің артып, өзге елдермен жағымды байланыстар орнатуына көп күш салған ол басшы ретінде сабырлы, байсалды, қарамағындағы қызметкерлерге ерекше ілтипатпен қарай біледі. Бұл қасиеттері де оның дипломатия әлеміндегі жұлдызын одан әрі жарқырата түседі.
Жұлдыз демекші, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР мемлекеттік және басқа мемлекеттерден алған наградаларын жіпке тізіп жатудың қажеттілігін көрмей отырмыз. Тек ғана құрметті лауазымдарының басты-бастыларын айтып шықсақ та жетіп қалар. Ол халықаралық қатынастар мәселелері бойынша тоғыз кітап жазған. Саяси ғылымдар докторы. Бүкіәлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы «Даналар» кеңесінің мүшесі. Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және докторы әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің Құрметті президенті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің Құрметті деканы.
Енді аздаған фактілерге жүгінгеніміз дұрыс болар. Әрине, оның сыртқы саясатта атқарған ұланғайыр жұмыстарының бәрін жіктеп шығу әсте мүмкін емес. Ең бастыларын айтсақ… Бұл тұрғыдан алғанда 2007 жылы Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қол жеткізгенін бірінші кезекте айтуымыз керек. Бұл халықаралық мәртебе бізге оңайлықпен келген жоқ.
Осы айтулы оқиғаға байланысты келіссөздердің басы-қасында бес жыл жүріп, Қазақстанның іргелі де құрметті ұйымға төрағалық етуіне орасан еңбек сіңірген Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Бұрынғы кеңестік кезеңнен кейін құрылған мемлекеттердің ешқайсысының дауасы жетпеген ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету сияқты ұзақ баталияның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия мен білімділіктің ғажап үлгісін көрсеткені көзсіз ерлік еді. Осы батылдықтың арқасында әлем Қазақстанды бұрынғыдан да жақын тани бастады және жас мемлекетке деген құрметі күшейе түсті. Басқа елдерді мойындатудың ерекше үлгісі осы болды деп батыл айтар едік. Осы істердің архитекторы болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік деңгейдегі саяси салмағы мен беделі бұрынғыдан да арта түскен болатын.
Бұдан басқа ҚР Сыртқы істер министрі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруды таратпау ісіне де белсене атсалысты. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 1995 және 2005 жылдардағы шолу конференцияларына қатысқан. Ол 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ), ал 2005 жылы Семейде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа (ОАЯҚААШ) қол қойды. 2003 жылы теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ дамушы елдер министрлерінің Халықаралық конференциясына төрағалық етті. Конференцияда Алматы іс-қимылдар бағдарламасы әзірленді және теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ дамушы елдердің Алматы декларациясы қабылданды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының он сессиясының жұмысына белсене атсалысқан, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері Кеңестерінің Төрағасы болып сайланған.
2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун білікті дипломатты өзінің орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры етіп тағайындады. Сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленді.
Осының бәрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тек Қазақстан емес, адамзат үшін айрықша еңбек сіңірген жаһандық масштабтағы қажырлы қайраткер дәрежесіне көтерілгенін білдірсе керек. Оны әлемнің барлық мүйізі қарағайдай белгілі дипломаттарын былай қойғанда, ірі мемлекеттің басшылары да жақсы таниды және құрмет тұтады. Мұның өзі де дипломатия кеңістігінде тынысы кең кейіпкеріміздің кесек кейпін одан әрі көркемдей түсірі хақ.
Бір ғана оқиғаны айта кетейік. Осы елеусіз кездесудің өзінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл болмыс-бітімін аңғару қиынға соға қоймайды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ ғимаратында Қытайдың сыртқы істер министрі Цянь Цичэньмен кездесіп қалады. Біздің министрдің қытайша таза сөйлейтініне қатты риза болған Цянь Цичэнь: «Меніңше, сыртқы істер министрлерінің ішінде қытайша сөйлей алатын Сіз ғанасыз» дейді. Қашанда қарапайым қалпынан айнымайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы оған қарсы тіл қатады: «Қателесесіз! Тағы бір министр бар». Қытай дипломаты сасып қалады: «Ол кім?». Сабырлы қалпынан қашанда айнымайтын біздің министрдің жауабы дайын еді: «Ол – Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі». Протоколдан ешқашан ауытқуды білмейтін екі елдің министрлері бір-біріне жылы жымиып тарасады.
Осы бір болмашы эпизодтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сан қасиетін анық аңғаруға болады. Біріншіден, оны мақтап ешқашан абырой таппайсыз. Сол арқылы оны жаулап алу тіпті мүмкін емес. Фактімен мақтағаныңыздың өзінен де әдемі сытылып кетеді. Бұдан оның құр даңғазалықтан да аулақ адам екенін де байқау қиын емес. Екіншіден, тұла бойы тұнып тұрған тапқырлық екені тағы көрініп тұр. Үшіншіден, туа біткен тектілігі мен бітім-болмысының бекзаттылығын да бірден танисыз.

Талап Тілеген

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда