jasqazaq.kz

Алданып қалдық…

22 қараша 2019, 15:06

Қожанасыр мен молда көрші отырыпты. Бір күні Қожанасырдың сиыры молданың сиырын сүзіп, жарып тастапты. Қожанасыр асып-сасып молданың үйіне кіріп барыпты да:
– Молдеке, сіздің сиыр біздің сиырды түнде жарып тастапты, қағазыңызға қарап беріңізші, құн төлеуге жата ма екен? – деп отыра кетіпті.
Молда кітабын ары-бері ашыпты да:
– Е, көрші, малды мал жарып тастаса, құн төленбеуге тиіс деп жазылған екен, – депті.
Сонда Қожанасыр:
– Молдеке-ай, мен сасқанымнан жаңылыс айтыппын ғой. Біздің сиыр сіздің сиырды жарып тастаған екен ғой, оқасы жоқ енді, – деп орнынан тұра беріпті.
Алматыда біреулер құзырлы орындарды тура осылай алдап соғыпты. Әңгіме қаланың қақ ортасына орнатылған жарнама тақтайшаларына қатысты болып тұр. Бұл есірткі жарнамасының жаңа деңгейге шыққанын көрсеткендей болды. Көшеде көзге бірден түсетін жарнама бір қараған кісіге байқала бермейді. Өйткені пысықтар есірткінің виртуалдық дүкеніне сілтеме жасайтын баннер ілген. Осылайша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Өскемен қалаларында тұрғындар есірткі жарнамасын байқамай да қалған. Күтпеген жерден шу шыққан соң, көшелерді «көріктендірген» жарнамалар жалма-жан алынып тасталған. «Ойпырай, бұл қалай болғаны?» деген сауал кім-кімді де ойға қалдырғаны анық. Тексере келгенде ресейлік тапсырыс берушілер жарнама компаниясын да, шенеуніктерді де алдап соғыпты. Әншейінде қырағы келетін құзырлы орындар да бұл жолы сан соғып қалды.
Есірткі жарнамаланған баннерде әлдебір QR код көрсетілген. Бір қараған кісі бұған мән бермесі де анық. Бірақ бәленің барлығы осыдан шыққан. Жарнама есірткі тауарларының виртуалдық дүкеніне сілтеме жасайды екен. Тіпті жастарды еліктіру үшін жарнама берушілер байқау ұйымдастырып, сыйлыққа қымбат телефон ойнатқан. Баннердің жанында суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктесең болғаны. Одан кейін достарыңды жеке-жеке белгілеп, қымбат телефонға қол жеткізуіңіз әбден мүмкін. Бұл жастарды амалсыз жамандыққа жетелері анық. Осыны біліп қойған қоғам белсенділері ақыры шу шығарды. Бұл туралы қоғам белсендісі Марианна Гурина КТК арнасына берген сұхбатында былай деді: «Есірткі сатушылар өз әрекетін әбден ойластырған. Жастарды тартудың тиімді жолын жіті зерттеген. «Менің қасымда суретке түсіп, Iphone ұт». Бұл сөз жастарды қызықтырады. Сөйтіп, олар есірткі сатылатын сайтқа кіреді. Арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Жарнамада көрсетілген виртуалдық дүкендер болса, қызу жұмыс істеп тұр. Тіпті оған тіркелген адамға 1000 рубль сыйақы беріледі. Бұл қаржыны клиент сайттағы алғашқы саудасына жұмсап, есірткі алуы керек. Ал виртуалдық дүкенде наркотауардың небір түрі бар».
Ресейлік жарнама берушілер баннерді еліміздің 5 қаласына ілдірген. Онда да орталық көшелерді таңдауында гәп бар. Оларға отандық жарнама таратушы компания да, шенеуніктер де алданып қалыпты. Осыған түсініктеме берген Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Төлеухан Ысмайылов: «Жарнама туралы ақпарат берген кезде ешқандай есірткі туралы ақпарат болған жоқ, билбордтың сұлбасын көрсетті. Ол кезде ұтыс, айфон деген секілді сілтеме болды. Содан кейін олар бастапқы сілтемені өзгертіп жіберген».
Тапсырысты онлайн түрінде алған жарнама компаниясының өкілдері баннерді жіті тексеріпті-мыс. QR код бастапқыда фитнес-клубтың сайтына сілтеме жасаған. Ол көшелерге ілінген соң өзгеріп шыға келген. «НРР» ЖШС директоры Сергей Рычков: «Біз QR кодты тексердік. Сайтқа кірдік. Ешқандай заңсыз нәрсе байқаған жоқпыз. Бәрі дұрыс еді. Бірақ баннер ілінген соң тапсырыс беруші сайттың мазмұнын өзгерткен. Ол аяқасты тыйым салынған заттар сатылатын виртуалдық дүкен болып шыға келген», – дейді.
Қазір барлық баннер көшелерден алынып тасталды. Полиция тапсырыс берушілерді іздеп жатыр. Бәрінен де қызығы, келісімшартқа қол қойылғанда жарнама мәтіні өзгерген жағдайда не істеу керектігі тексерілмеген. Күні кеше үй қабырғасы мен аялдамалардағы есірткі жарнамасының көшенің қақ ортасында тұруы – Қожанасырдың молданы алдағанымен бірдей секілді.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда