Заңсыз букмекерлер Қазнетті жаулап алды. Құдды «Қой терісін жамылған қасқырдай» әрекет етеді.
Біз өткен жолы Қазнеттегі шетелдік букмекерлердің заңсыз бизнесі жайында әңгіме қозғаған едік. Жұмысын заң шеңберінде жүргізетін букмекерлерден оларды қалай ажыратуға болады? Енді соған тоқталайық.
Шетелдік алдампаздар
Бүгінгі күні бүкіл әлемде миллиондаған жанкүйер беттингке мойын бұрды. Бұл тіпті жалпыға ортақ трендке айналғандай. Бастапқыда тек спортқа қызығушылық танытқандар қазір спорт болжамында өз қарымын байқап көруде. Қолдарынан келеді екен. Спорт саласында бәс тігу қанатын кең жайып келеді. Бұл үрдіс біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Былтырғы жылы пандемияның кесірінен букмекерлік кассалар мен кеңселер шектеуге тап болғандықтан, олар өз алаңын желіге көшірді. Заманауи цифрлық технологиялар қаржы ағымы мен веб-сайттардағы жеке деректерді қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан заңды түрде жұмыс істейтін букмекерлік компаниялардың ресурстарында бәс тігу қауіпсіз. Алайда ресми, лицензиясы бар беттинг сайттармен жарысып, желіде астыртын жұмыс істейтіндер де көбейіп барады.
Қарап отырсақ, олар да букмекерлер. Заң аясында жұмыс істейтіндерден еш айырмашылығы жоқ. Көпшілігінде тіпті лицензия да бар. Әйтсе де, ол біздің елдің лицензиясы емес. Соған қарамастан, желінің қазақстандық бөлігінде алаяқтықпен айналысып, жұртты алдап жүр.
Соңғы жылдары шетелдік букмекер кеңселері Қазақстанда жаппай өз сайттарын аша бастады. Өйткені мұндай «бизнеске» біздің елімізде ешқандай тосқауыл жоқ. Еліміздің төлем жүйелері осындай заңсыз онлайн-кеңселермен ауыз жаласып алған. Транзакцияны жүзеге асыратын банктер теңгені шет елдердің валютасына конвертациялап отыр. Шетелдік букмекерлер ешқандай салық төлемейді, ал клиенттері жетіп артылады. Қазақстан Өзін-өзі реттейтін букмекерлер ұйымының мәліметі бойынша, мемлекеттік реттеушіге жуырда тапсырылған бір ғана «қара тізімде» 250-ден астам заңсыз букмекерлік сайт көрсетілген. Олардың бәрі елімізде жұмысын жүргізіп отыр. Ал Қазақстанда тіркелген, ресми түрде жұмыс істейтін букмекерлік кеңселердің саны 30-дан аспайды. Салыстырып көріңізші! Шын мәнінде, бұл нарықты шетелдік алаяқтар жаулап алғандай!
Олар ақшаны аямай үйіп-төгіп, демеушілік жасайтын «сарапшысымақтар» – тақырыптық сайттар мен Telegram-каналдар осы ресурстарды жан-жақты насихаттайды. Заңды жұмыс істейді деп көрсеткісі келеді. Оған да ешкім кедергі келтіріп жатқан жоқ. Желіде осындай астыртын кеңселерді тікелей насихаттайтын жарияланым көп. Сондай-ақ «Қазақстан букмекерлерінің рейтингінде» заңды букмекерлерге қоса, ондаған астыртын сайттар да тайға таңба басқандай ашық көрсетіледі.
Мұндай сайттарда қазақстандық лицензия бар ма, жоқ па, клиентке бәрібір. Әйтеуір, ұтысын төлесе болды. Бірақ кілтипан дәл соған келіп тіреледі. Шағын ұтыстарды астыртын букмекерлер лезде төлейді. Сол арқылы бәс тігуді енді бастаған жанкүйерлердің сеніміне кіріп алады. Ал егер сіз кенеттен ірі сома ұтып алсаңыз, міне, сол кезде қитұрқылық басталады. Сізге «ереже бұздың» деп кінә арта бастайды. Не болмаса, уақыт созып, ақырында сіздің аккаунтыңызды бұғаттап тастайды. Заңсыз букмекерлік кеңсенің сайты із-түзсіз жоғалып кететін жәйттер де көп кездеседі. Ондайда қазақстандық клиенттердің аккаунттары, оған салынған бүкіл қаржы, сонымен бірге ғайып болады.
Мұндай алдампаз сайтты қалай танып, кәсіби түрде жұмыс істейтін отандық сайттан қалай ажыратуға болады?
Осыған қатысты бірнеше қарапайым кеңесімізді ортаға салайық.
«Қотыр қойды» қалай анықтаймыз?
Қазақстанда ресми тіркелген, жұмысын заңды жүргізетін букмекерлер өз сайттарында және онлайн-сатылымдарда міндетті түрде қазақстандық лицензиясын орналастырады. Әлбетте, бірде-бір шетелдік сайтта ондай лицензия атымен жоқ. «Қотыр қойды» ажыратудың ең бірінші және ең қарапайым тәсілі – осы.
Лицензия тек қазақстандық болуы керек! Есіңізде сақтаңыз, кейбір сайттар Ресей. Украина, Кипр немесе өзге бір елдің құжаттарын шығарып қояды. Шетелдік лицензия бұл бизнестің Қазақстанда заңсыз жұмыс істейтінін білдіреді. Әйтпесе, қолдарында болса, олар қазақстандық лицензияны көрсетпей ме?!
Сондай-ақ қазақстандық сайт кері байланыс – мобильдік болсын, стационарлық болсын, телефон нөмірлерін міндетті түрде жазып қояды. Оған қоса, басқа да байланыс мағлұматтары болуы қажет. Оған заңды тұлғаның, кеңсенің мекен-жайы, телефондары кіреді. Шетелдік сайттардан ондай мағлұматты таппайсыз. Әдетте астыртын букмекерлік кеңселер түрлі онлайн-каналдар, мәселен, Telegram арқылы кері байланысты көрсетеді. Бұл да, лицензияның жоқтығы сияқты, оның алаяқ сайт екенін дәлелдейді. Демек оған жоламаған дұрыс.
Шетелдік жалған букмекерлерді ажыратудың тағы бір белгісі – клиенттерге бас айналдыратын, адам сенбейтін шарттарды ұсынуы. Мәселен, олар бәс тігуде ең жоғары коэффициентті уәде етуі мүмкін. Барлық қазақстандық букмекерлер әрбір ұсынылатын линия шеңберіндегі коэффициентті пайдаланады. Олармен салыстырғанда, алаяқтардың ұсынатын коэффициенті құдды той дерсің. Олар клиентті осылай тартады. Бірақ қазақстандық букмекерлер сізді алдайын деп тұрған жоқ. Сондықтан да олардың коэффициенті ақылға қонымды. Алаяқ үшін ең бастысы – аңқау клиентті алдап соғу. Сіз алда-жалда әлгі керемет коэффициентпен көл-көсір ақша ұтып алсаңыз, ұтысты қолыңызға ұстата салуы екіталай. Осы тақырыпқа арналған чаттарда бұл туралы көп жазылған.
Сондықтан мұндай адам сенгісіз шарттарды көргенде, ең әуелі сайтты тексеріңіз. Онда қазақстандық лицензияны, кері байланысты, кеңсенің мекен-жайы мен телефон нөмірін, заңды жұмыс істейтінін білдіретін басқа да белгілерді таба алмайтыныңыз анық.
Алаяқты әшкерелейік!
Сөз соңында тағы бір кеңес. Неліктен біз алаяқтарды Қазнетте тайраңдатып қойдық? Отандастарымыздың есебінен қалтасын қампайтуына неге көніп отырмыз? Алаяқты әшкерелеуге бәріміз білек сыбанып кірісуіміз керек. Қалай дейсіз ғой?
Желідегі заңсыз букмекердің сайтына тап болғанда, бір-екі минутыңызды тәрк етіп, осындай сайттарды бұғаттайтын қызметке хабарласқан дұрыс. Ол үшін цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі сайтының ақпараттық қауіпсіздік комитетінің ресми порталына кіріп, ондағы онлайн-қабылдауға алаяқ сайт туралы хабарлап, сілтемесін қыстыру керек. Сонда Қазнеттегі заңсыз ресурс сіздің арқаңызда азая түседі.
Айдос Құсайынұлы