jasqazaq.kz

Алаңдамаңыз, «Арт спорт» жалғасады

24 маусым 2022, 15:19

Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сауалына жауап берген мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көптің көкейіндегі күпті сауалдың жауабын айтты.

Абың-күбің әңгімесі басылмай тұрған «Арт спорт» бағдарламасының негізінде былтырдан бері елімізде мыңдаған жеткіншек спорт түрлерімен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып, кәдімгідей төселіп қалып еді. Бірақ осы ақжолтай бағдарлама бір жылдан кейін бұлыңғыр тартып, бөлінген қаражаты да тиісті жеріне жетпей жырымдалып берекесі қашты. Ата-аналардың да алаңдайтын жөні бар. Бір үйде кемінде үш баласы бар отбасы ақылы спорт үйірмелеріне жазыла алмайтыны белгілі. Осындайда оң жамбасқа дөп келген «Арт спорттың» арқасында тегін үйірмелерге қатысып, бір серпіліп қалған. Кәсіби спортшы атанбаса да, бұлшық еті босамай, сергек жүруіне септесетін тамаша бағдарлама десті.

Дау-шарлы шаруаға қатысты сөйлеген сөзінде министр Абаев бүй деді: «Қазақстанда оқушылардың арасында 2 миллионы дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Осының негізінде балалардың спорт үйірмесіне жазылып, секцияға қатысуы 73 пайызға жетіп отыр. Бұдан сырт, бүгінде 500 мыңға жуық қаржыландыру негізінде 15 мыңнан астам үйірме мен секцияға барады». Дегенмен бұл еліміздегі жеткіншектердің барлығын бірдей бұқаралық спортқа тартылғанын білдірмейді. Онда қайтпек керек? Әрине, бұқараның сұранысын айтарлықтай өтеген «Арт спорт» бағдарламасын жалғастыру қажет. Министр де осыны ашып айтты. Енді қаржыландыру көзін әр өңірдің әкімдері өздері тауып, аймақтағы балалардың бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасауы тиіс.
«Арт спорт» бағдарламасы не үшін қажет, өзін-өзі ақтаған жоба ма?» деген сауалға әлі де бас ауыртушылар көп. Өз басымыздан өткен кепті айтайық. Біздің тұңғыш қызымыз бен кенже ұлымыз осы бағдарламаның аясында бассейнге, таэквондо үйірмесіне жазылды. Қызымыз бес ай қатысып, жүзуді үйренді. Бойы да сымдай тартылып, кәдімгідей өсті. Жүзуге жазылғалы уақытты тиімді пайдалануды, тәртіпке бағынуды, сергек жүруді ғадетке айналдырды. Жаңа жыл жақындағанда ондағылар «Арт спорттың ақшасы аударылған жоқ» деп арқамыздан қағып шығарып салды. Таэквондо үйірмесі әлі де жұмыс істеп, балақайларды спортқа баулып жүр.
Біз бұған дейін елімізде бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстанамыз дегенді жалаң ұран, жалған жетістікке жамап келдік. Статистикалық көрсеткішті көрсеңіз, елдегі жасы да, жасамысы да спортпен түбегейлі шұғылданып, бұқаралық салауаттылықты сақтап жүргендей әсер қалдырады. Шынтуайтында, олай емес. Ал енді «Арт спорт» секілді арнаулы бағдарламалар өзінің миссиясын толыққанды орындағанда ғана біз халықтың жаппай спортпен шұғылдануға бет бұрғанына көз жеткізе аламыз. Дегенмен осы арадан да бір кілтипан қылтияды. Оны журналистердің жан-жақтан қарша боратқан сауалына жауап берген министрдің өзі де айтты. «Осы күнде бір бала мектептегі үйірмеге, «Арт спорт» арқылы да секцияға жазылады және шығармашылық үйірмеге қатысуы мүмкін. Біз бұдан былай әр балаға «Арт спорт» бойынша тек бір секцияны ғана таңдауды ұсынамыз». Министрдің сөзінің жаны бар. «Арт спорттағы» орын шектеулі, әсіресе, Алматы секілді ірі мегаполисте. Пысықайлар бір баласын спорттың бірнеше түріне, үйірменің де әрқайсысына жаздырып қояды. Ал басқа балаларға орын жетпей жатады. Мұның арты әлгіндей даулы мәселенің тұтануына әкеп соғады. Үйіндегі баласын тегін үйірмеге жаздырарда ата-ананың да ынсабы оянуы керек. «Өз балам өтсе болды, өзгенікі маңызды емес» деген арам пиғылдан арылған абзал. Әр бала бір спорт үйірмесіне жазылса, соның өзі үлкен олжа.
Бұқаралық спортты дамытуға күш саламыз деген сала басшысы ірі қалаларда ғана емес, аудан, ауылдарды да қамту негізінде үш мыңнан астам жаттықтырушы жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Былтыр мектеп ішілік жарыстар, студенттер арасында лига ұйымдастырылды. 2024 жылға дейін жоспарланған бағдарламаны іске асыру мақсатында аймақтардың спортын көтеру негізінде 21 миллиард теңге бөлінбек. Қисапсыз қаржы бөлінген жерде жемқорлықтың да жегіқұрты бас көтереді. Талан-таражға салмай, халықтың салығынан түскен қаржысын өзінің игілігіне айналдырсақ, «Арт спорттың» төңірегінде айқай шықпайды.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
Бүгін, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
Бүгін, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр