
Ақтөбеде екі ер адам такси жүргізушісін өлтіріп, оның көлігімен бірнеше жол-көлік апатын жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға «Hyundai» автокөлігінің жүргізушісі қашықтықты сақтамай, алда келе жатқан жеңіл автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. «Бейнебақылау камераларының көмегімен аталған көліктің қай жерде екені анықталды. Патрульдік экипаждардың бірі көлікті тауып, жүргізушіден тоқтауды талап етті, бірақ ол бағынбай, қаша бастады. Полициядан қашуға тырысқан тәртіп бұзушы қарсы жолға шығып, «Toyota Land Cruiser-200″ автокөлігімен соқтығысты», — деді Ақтөбе қалалық Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Атабаев. Көлікте екі мас ер адам болған, олардың біреуі 19, екіншісі 37 жаста. Тексеру барысында көлік басқа адамға тиесілі екені анықталды. Сондықтан полицейлер ұсталғандарды тергей бастады. Көлікті тексеру кезінде руль мен еденде қоңыр дақтар күдік тудырды. Артқы орындықтың жамылғысында да осындай дақ болды, кейінірек полиция қызметкерлері салоннан қанды пышақты тапты. Ұсталғандардың бірі бірнеше сағат бұрын жүргізушіні өлтіріп, осы көлікті ұрлап кеткенін мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі «Адам өлтіру» және 192-бабының 3-бөлігі «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыре. Қылмыс жасаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.