
Елімізде жанармаймен жарыса автогаз да қымбаттап жатыр. Әсіресе батыс өңірлерде. Күні кеше литрі 63-65 теңгеден сатылған сұйық отын 5 теңгеге көтерілген. Бұған көлік жүргізушілері наразы. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Ақылбек Аққұлов, Ақтау қаласының тұрғыны:
— 70 теңгеден көтеріліп жатыр. Осы бойы құйдым. Амалсыздан, газ жоқ болған соң. Бұл масқара?! Негізі масқара, өзімізден шығатын газ – өзімізде қымбат. Басқа жерлер жайлап көтеріп жатыр. Өзім такси айдаймын. Сәл бағаны көтерсек, халық айқай шығарады. Өйткені газ қымбат.
Қара алтынның үстінде отырып, арзан газға жарымадық дейді ақтаулықтар. Бұл жақтағы көліктің көбі көгілдір отынмен жүреді. Ай сайын 4-5 теңгеден құнын өсіре берсе, жыл басында бензин бағасымен пара-пар болатынын айтады. Ақтөбеде де автогазға сұраныс жоғары. Түске дейін көлік жүргізушілері қолма-қол ақшаға газ таба алмай сандалып қалды. Себебі, бекеттегілер сатылымды тоқтатып, тек талоны барына берген. Жағдай тек түстен кейін реттелді. Бірақ газ бағасы бірден бес теңгеге қымбаттап, литрі 70 теңгеден сатылып жатыр. «Бағаның өсуіне газ тасымалындағы қиындықтар себеп», — дейді шенеуніктер.
Самат Лепесов, Ақтөбе облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
— Баға көтерілген. Себебі теміржол арқылы келеді . Сонда кешігу болды, соған байланысты.