
Ақтау қаласында болған жаппай төбелестің видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Жас жігіттер арасындағы қақтығыс көліктер жүретін жолдың қақ ортасында болған. Бұл туралы lada.kz хабарлады.
Видеодан бір топ жігіттің 29-шағынауданда жолдан жүгіріп өтіп бара жатқанын көруге болады. Оған қоса, олардың бір-біріне айқайлап, өзара ұрысқаны естіледі. Қалалық полиция департаменті басылымға аталмыш жағдайға қатысты пікір білдірген. Құқыққорғау органы оқиға 25 мамырда түнгі уақытта орын алғанын мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, төбелеске қатысқандар 19 бен 22 жас аралығындағы жігіттер болған. Тәртіп сақшылары олардың барлығын ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Оларға «шағын бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша бірден тәртіп бұзған 12 азамат өтті.