
Ақтау көшелерінің бірінде жеңіл көлік жанып кетті. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Жергілікті «Лада» басылымының хабарлауынша, өрт 12 сәуірде №34 шағын ауданында «Аяулы Ана» тұрғын үй кешенінің жанында болған. Алдымен көлік жана бастаған, содан кейін газ баллоны жарылған.
Оқиғаның мән-жайын Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Назарәлі Сәлімов айтып берді. Оның сөзінше, Daewoo Nexia автокөлігінің жанып жатқаны туралы хабар төтенше жағдайлар департаментіне 12 сәуірде сағат 23:28-де түскен.
Автокөлік жанып, құтқарушылар келгенше сыйымдылығы 65 литр газ баллоны жарылған.
Өрт сағат 23:45-те сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.