Айылдан шыққан мүсінші

19 ақпан 2021, 12:22

Алатаудың арғы бетінде өнерімен көптің көңілін жаулаған бір ару бар. Тамила Маматова есімді мүсінші қызды әлеуметтік желі арқылы қазақтар да танып-біліп, туындыларына қызығып жүр. Былтыр ол өзі сомдаған Шыңғыс Айтматовтың мүсінін Фейсбук парақшасына салып, саф өнердің қандай болатынын көрсетіп бергендей еді.

Бұлай деуіміздің төркінін түсінген шығарсыздар. Соңғы жылдары біздің мүсіншілер ұлы тұлғалардың мүсінін жасаймыз деп бүлдірген жоқ па? Ал Тамила саз балшықтан Шыңғыс Айтматовтың бейнесін мінсіз орындаған. Осы жұмысы үшін шеберге қазақтар да ризашылығын білдіріп, чоң рахмет айтты.

Біз қырғыз айылында туып, балшықтан бұйым жасап өскен арумен телефон арқылы тілдестік. Мүсінші Жалалабад облысының Алабұқа ауданына қарайтын Келте ауылында туып-өсіпті. Тұрғынбай Садықов атындағы Ұлттық көркемсурет академиясынан жоғары білім алған. 2012 жылы Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы Илья Репин атындағы көркемсурет академиясына түсіп, 2018 жылы бітіріпті.

Шыңғыс Айтматовтың мүсіні – Тамиланың диплом жұмысы. Арнайы тапсырыспен жасалған дүние емес. Соның өзінде ұлы жазушыға жан бітіргендей шынайы, көркем туынды. Бізге берген сұхбатында мүсінші қыз жазушыны бала жасынан жақсы білетінін, кез келген қырғыз үшін Шыңғыс бейнесі Алатаудай асқақ, Ыстықкөлдей терең екенін айтты. Жазушы бейнесі әр қырғыздың көңілінде солай қалыптасқан.

«Мен адам бейнесін жасайтын кезде, оның географиясы мен өмірбаянын, шығармашылығын көп зерттеймін, – деп бастады ол әңгімесін. – Сол дәуірді, айналысқан кәсібін, фото-видео мұрағаттарды ақтарып, жақындарымен танысып, қысқасы, «кейіпкерімді» өзімнің әке-шешемдей жақсы танып алуым керек. Содан кейін ғана эскизін жасай бастаймын», – деді.
Тамила былтыр Абайдың 175 жылдығына орай, қазақтың бас ақынының бюстін жасапты. Терең ойға шомған һәкімнің бейнесін қоғам қайраткері Арман Шораев Көкшетауға алдырып, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжіне тарту еткен. Қоладан құйылған бюст – Абайдың Көкше өңіріндегі алғашқы бейнесі.

– Абай Құнанбайұлының бейнесін жасағанда үлкен жауапкершілікті сезінген шығарсыз? – деп сұрадық.

Тамила Маматова: «Бұл шағын бюст қана. Бірақ мен үшін жарты бейне бола ма, толық тұлғасы бола ма, екеуіне бірдей дайындықпен, бірдей жауапкершілікпен барамын. Мысалы, біз мектепте Абай өлеңдерін оқыдық. Бюст жасайтын кезде, ақын туралы жазылған біраз еңбекті, зерттеулерді қарап шықтым. «Абай жолын» толық оқыдым деп айта алмаймын, бірақ орысша нұсқасына көз жүгірттім. Егер болашақта Қазақстаннан тапсырыс түсіп, ақынның толық мүсінін жасау керек болса, онда «Абай жолын», һәкім өлеңдері мен қара сөздерін түгелдей оқып, бойыма Абайды сіңіремін. Сонда ғана қазақтар айтатын толық адам шығады», – деп данышпан Абайға қатысты көп дүниені білетінін аңғартты.

Тамила өнерімен алыс-жақынға танылғалы бері әлемнің біраз елін аралаған. Шығармашылық жұмыспен Венецияда болғанында ақ тастан қашап, әйел бейнесін жасапты. Оны «Ашық қыз» деп атаған. Флоренцияда әппақ мәрмәрдан ойған «Ақшам» әйел образын Батыстағы суретші-мүсіншілер жоғары бағалаған. Түркияға барған шығармашылық сапарында грек ертегісіндегі сұлулық символы болған «Афродитаға» ғашық болмаған адам болмапты. Италия мен Қырым сапарында сомдаған «Қырғыз қыздары» – шығыс қыздарының типтік образындай болған көрінеді. Батыстың өнер сыншылары Тамиланың қолынан шыққан туындыларға қарап, «Әйел бейнесінің нәзік қыр-сырын меңгерген мүсінші» деп баға беріпті.

Қолына тастай ауыр кескіш (болгарка) алып, шарықтан ұшқан шаңды жұтып, саз балшықтан илеп мүсін қалыптау оңай ма? Оның үстіне, табиғаты нәзік бойжеткен үшін бұл тіпті де қиын шаруа. Өз ісіне ынтық болуының сырын Тамила: «Қырғыз өнерін әлемге таныту. Сұлулық жарату» деп түсіндірді.

Жарас Кемелжан

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді