Айлық табысы – 48 миллион теңге!

21 мамыр 2021, 12:57

Жыл сайын Ресейдегі sport-express.ru сайты Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын хоккейшілердің жалақысына зерттеу жүргізіп, мөлшерін жариялап отырады. Күні кеше жылына 40 миллион рубльден жоғары еңбекақы алатын спортшылардың тізімін жариялады. Ұзын-ырғасы 95 хоккейші жылына 40 миллион рубльден (200 млн теңгеден астам)жоғары нәпақа табады екен. Міне, сол тізімнің көшін ресейлік Дмитрий Яшкин бастап тұр. Ол жылына 115 миллион рубль табыс табады. Екінші орында жылдық табысы Ресей рубліне шаққанда 100 миллион болатын канадалық Даррен Диц тұр. Даррен Диц — Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс» хоккей клубының капитаны. 2017 жылдан бері Қазақстанда тұрады, хоккейден ұлттық құраманың да қорғаушысы.

Осы Даррен Дицтің жылдық табысы — 579 миллион теңге. Қағыс естіген жоқсыз: 579 миллион теңге. Айға шақсақ, 48 миллион 250 мың теңге шығады.

Аралас жекпе-жекте бағын сынап жүрген Қуат Хамитов әлеуметтік желіде Дицтің жылына жинайтын «дүниесіне» қатысты ашына айтыпты. Жанына батқандықтан да айтады ғой. Халықтың ырыс, несібесінен бөлінетін қыруар қаржының жекелеген спортшыға жалақы есебінде жазылуы жанына батпағанда қайтеді? Басқа спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың мардымсыздығы өз алдына бөлек әңгіме. Дәл осы Қуат Хамитов пұшпағын илеп жүрген аралас жекпе-жек спортындағы абадан жігіттердің жетістікке жету жолында мемлекет қазынасынан көк тиын да бөлінбейді. Атымтай-жомарт азаматтардың кең жүректілігі мен меценаттардың мырзалығымен олар түрлі жарысқа шығуға әзірлік өткізеді. Шетелде оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін де демеуші іздейді. Көпшіліктің сұранысына ие аралас жекпе-жектен турнир өткізудің машақаты мен мехнатын білгіңіз келсе, промоутерлік компаниялар мен кәсіби спорт клубтарының жетекшілерін тыңдаңыз. Еліміздің ірі мегаполистерінде ғана емес, облыс орталықтарында да халықаралық турнир өткіземін дегеніңше, өзегің үзіліп кете жаздайды. Басты қолбайлау – қаражат. Даррен Дицтердің аузынан ақ май ағызатын мемлекеттік мекемелер мұндай спорт түріне келгенде тарылып сала береді.

Ай сайын 48 миллион 250 мың теңге жалақы алатын Даррен Диц «Барыстың» капитаны ретінде қандай биікке шықты? Алғанын ақтай алып жүр ме? Биылғы нәтижесін саралап көрелік. Құрлықтық хоккей лигасында «Барыс» ала-құла нәтижемен қою шаңның ортасында келеді.
21 мамырда Латвияның астанасы Ригада хоккейден әлем чемпионаты басталады. Жоғарғы дивизиондағы үздік 14 құрама мен бірінші дивизионнан әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болған Қазақстан және Беларусь хоккей құрамалары да додаға түседі. Миллионер Даррен Диц те бас бапкер Юрий Михайлистің тізімінде жүр. «В» тобында әлем чемпионатының сайысына қатысатын еліміздің хоккей құрамасына Дицтің қаншалықты көмегі тиетінін уақыт көрсетер.

Халықтың алым-салығынан жырып алып, сырттан келетін келімсек спортшыларға жалақыны жақсылап беруде біздің алдымызға түсетіндер некен-саяқ шығар. «Ұлттық спортымыз, төл өнеріміз» деп шіренгенде алты қарыс айыл бауымызды үзіп жібере жаздаймыз. Сол ұлттық өнерімізді насихаттап, дәріптеп жүрген көкпаршылардың жалақысы кейбір клубтарда 30 мың теңгеден сәл асады.

«Барыс» хоккей клубы кәсіби спорттық ұйым болғандықтан да мемлекет қазынасы есебінен қаржыландырылады. Мемлекеттің қаржысы – халықтың несібесі. Несібеңіздің сырттан келетін легионерлерге осындай жолдармен шүлен таратқандай бөлінетінін біле жүріңіз.

Қуаныш Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?