
Алматыда тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл алғашқы тоғыз айда қалада 488,5 мың тоннадан астам коммуналдық қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында стихиялық қоқыс орындарын жою, экологиялық акциялар өткізу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру шаралары қолға алынған. Осы жұмыстар туралы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Eco Almaty» ЖШС бас директорының орынбасары Айдана Қасен Jas Qazaq тілшісіне баяндап берді.
– Айдана Бекболатқызы, алдымен Алматыдағы тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесі туралы айтып өтсеңіз. Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– 2026 жылғы мәлімет бойынша, Алматы қаласында коммуналдық қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен әкетуді 20 компания жүзеге асырады. Ал қайталама шикізатты жинау және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен 12 компания айналысады. Бұдан бөлек, қалада екі компанияның қоқыс сұрыптау кешені және «Куйкабаев» жеке кәсіпкерлігінің сұрыптау желісі жұмыс істейді. Олар сұрыптауға арналған қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайды.
Жылдың алғашқы тоғыз айында 20 ұйым 488 502 тонна коммуналдық қатты тұрмыстық қалдықты жинап, әкеткен. Оның ішінде 426 782 тонна қалдық 20 қоқыс шығаратын ұйымның есебіне тиесілі. Жиналған қалдықтың 298 мың тоннадан астамы «Green Recycle» ЖШС-нің қоқыс сұрыптау кешеніне жіберілді.
Қалдықтарды полигондарға көму көлемін азайту үшін оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жарамды шикізатты бөліп алу маңызды. Қазіргі таңда 12 қайта өңдеуші компания жергілікті жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтардан 61 мың тоннадан астам қайталама шикізатты сұрыптап алған. Жалпы жиналған қалдық массасынан сұрыпталып алынған қайта өңделетін шикізаттың 78 мың тоннадан астамы қайта өңделді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласының аумағын тазарту және стихиялық қоқыс орындарын жою бойынша қандай шаралар атқарылуда?
– «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында «Eco Almaty» ЖШС-нің Қоршаған ортаны қорғау қызметі Алматы қаласының табиғат қорғау полициясымен бірлесіп, қоқыс тасталған орындарды анықтау және жою бағытында жұмыс жүргізеді. Анықталған ластану учаскелері «TazaQala» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, тиісті қызметтер мен аудан әкімдіктеріне жолданады. Бұл олардың жағдайына жедел ден қойып, тазарту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Биыл қала аумағында 32 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар ластанған аумақтарды бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Мұндай учаскелерді анықтау кезінде фотофиксация әдісі де қолданылады.
Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту тек қоқысты жинаумен шектелмейді. Ластанудың алдын алу, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау да маңызды. Сондықтан «Eco Almaty» мен қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы ластанған аумақтарға ерекше назар аударып отыр.
– Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және қалдықтарды бөлек жинауды үйрету бағытында қандай бастамалар бар?
– Алматы тұрғындарының экологиялық сауатын арттыру мақсатында тұрғын үй кешендері мен аулаларда қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу, оларды бөлек жинау және полигондарға түсетін жүктемені азайту тақырыптарында 20-дан астам экологиялық акция өткізілді. Мұндай шаралар тұрғындарға қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіруге және күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Экологиялық ағарту жұмыстары аясында апта сайын көрнекі ақпарат пен практикалық экотренингтер қамтылған акциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ бірнеше экохаб ашылып, онда жастарға экологиялық білім беру және тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесі үйретіледі.
Бұдан бөлек, «Eco Almaty» «EcoNetwork» компаниясымен бірлесіп, қала емханаларында тұрғындардан жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды жинауға арналған экологиялық акцияларға қатысады.
Мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатты қорғау мәселесіне қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Әр акция сайын қатысушылар саны көбейіп, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын азаматтар қатары артып келеді. Экологиялық мәдениет күнделікті дағдыға айналғанда ғана қаланың тазалығын сақтауға ортақ үлес қоса аламыз.
Олжас Әбдіхалық