
2018 жылғы қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс белбеу иегері Ерасыл Қажыбаев пен қола белбеуге ие болған Айбек Нұғымаров жарыстан кейінгі әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz.
Турнирдің 2-орын иегері Ерасыл Қажыбаев дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүре беретінін айтты.
«Қазақстан барысы» үлкен дәрежеде өтті. Балуандардың бәрі жақсы дайындықпен келген. Әр облыстың бірінші және екінші нөмірлері, әйгілі балуандар күресті. Солардың арасынан суырылып финалға шыққаныма қуаныштымын. Бұйырғаны осы болып тұр. Алда дзюдо және қазақ күресін бөліп жармаймын. Қайсысы оң жамбасыма келеді, солай күресе беремін», — деді ол.
Талай рет «Қазақстан Барысында» топ жарып, былтыр «Әлем Барысы» атанған Айбек Нұғымаров биыл қола белбеуді қанағат тұтты.
«Өздеріңіз көргендей үлкен дода болды. Додада шамам жеткенше күрестім, үшінші орынға қанағат етемін. Дайындығым соған сәйкес болған шығар. Десе де үлкен дайындықпен келген болатынмын», — деді балуан.
Ол турнирде мықты қарсылас бола білген балуандарға тоқталып өтті.
«Қола белбеуге күресте қарсылас болған Түркістан облысының баласы өте мықты. Ержан Шынкеев болса мықты балуан, дзюдо спортынан Олимпадаға барған. Осыған дейін кездескенде ұтып жүрген болатынмын. Бүгін шынында алтын белбеу Ержанға бұйырып тұр. Қаншама жол жүріп келген оның да еңбегі бар. 2013 жылы екеуміз финалда кездескенде ол екінші орын алды. Бүгін жарыс үлкен дәрежеде өтті, ешқандай реніш жоқ, өзімнің қателігімнен ұтылдым», — деді ол.
Айбек Нұғымаров спорттағы карьерасын қашан аяқтайсыз деген сауалға әзірге күресе беремін деп жауап берді.