
Бұдан былай Балқанның орта аралындағы Монтенегро (Черногория) мемлекетіне Қазақ елінен тіке қатынайтын мүмкіндік туды. Air Astana әуе компаниясының Airbus A321LR ұшағы Нұр-Сұлтан қаласынан Черногорияның астанасы Подгорица қаласына аптасына екі рет:сәрсенбі,сенбі күндері қатынайды.Ал Алматы — Подгорица бағыты бойынша бейсенбі,жексенбі күндері ұшады.
Бұған дейін біздің елдің туристері Балқан асып, Адриат теңізіне тобығын сүйгізу үшін тіке келетін рейстің жоқтығынан қиналатын.Мәскеу, Киев, Ыстамбұл арқылы Черногорияға жетіп жүрді.
Қазақ елінің ұшағын қуана қарсы алған черногорлықтар Air Astana әуе компаниясының Алматыдан келген жолаушылар мінген лайнерді Подгорица әуежайында судан шашу шашып қарсы алды.
Туризммен жан бағуға бейімделген бұл елге Қазақстаннан визасыз келуге болады. Оның үстіне ТМД мемлекеттерінің ішінде Черногорияға турист боп келетіндердің қатарында біздің елдің азаматтары да алдыңғы лекте.
Қуаныш Нұрданбекұлы,
Подгорица, Черногория