
2022 жылы 12-сәуірде Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасы және «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының ұйымдастыруымен «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында 2022 жылы ұлтымыздың ұлы ұстазы, ағартушы, лингвист ғалым, әдебиеттанушы, түркітанушы, ақын және аудармашы, қоғам қайраткері және саяси публицист, реформатор, Алаш партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты фильмнің бас кейіпкері, актер Байғали Есеналиевпен кездесу өтті.
Кездесу модераторы «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім саласының үздігі Шота Қарлығаш Нұғманқызы болды.
Кездесуге профессорлық-оқытушылық құрамы, оқу–әдістемелік қызметі басшысы Есенбекова Гүлжанат Жумагазиевна, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Тлеулинова Жұлдыз Адилхановна «Кино және теледидар» факультетінің 1 курс студенттері қатысты.
Тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор
Абзал Қуанышұлы кездесуді алғы сөзбен ашып берді.
«Кино және теледидар» факультетінің 1 курс студенті Әбілдаева Лаура «Ахмет Байтұрсынұлы және әдебиет танытқыш» атты баяндама жасады.
Сериалдың негізгі идеясы ретінде Ахмет Байтұрсынұлының: «Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек һәм осы керектердің жолында әрекет қылу керек» деген әйгілі сөзіндегі әрекет ұғымы алынып отыр.
Бұл сериалда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының басынан кешкен қиын қыстау тағдыры және ұлт мұраты жолында жасаған дамылсыз еңбегі насихатталады.
Ұлт ұстазын сомдаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын»мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есеналиев: Ахмет атаға ұқсауға тырыстым. Бұл қаншама жылдар бойы халық күткен Ахаң еді. Ахаңның ролін сомдау үшін ұзақ дайындалдым, өмірде сабырлы, парасатты адамдардың қимылын, көзқарасын, олардың қалай күлетінін, қалай ашуланатынын, қалай қуанатынын, қалай ғашық болатынын зерттеуге тырыстым. Ұлт ұстазы Ахаңның ролін сомдау оңай болмағанын айта келіп, фильмді көрген студенттердің Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Ақын, сазгер, әнші, докторант Ержан Жұмабекұлы өзі шығарған патриоттық қара өлең жолдарын оқып берді.
Оқу залында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ахмет» атты кітап көрмесі ұйымдастырылған.
Біздің мақсатымыз мына жаһанданған заманда жастарымызды өз тарихымызды тануға, әдеби – мәдени құндылықтарымызды сақтауға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді үйрету.
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасы