
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің тілші сауалына дөрекі жауап беруі оқиғасына қатысты министрлік басшысының атына тиісті хат жолданды.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Жалпы, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі барлық қызметшілерге қатысты. Сәйкесінше, бұл факті бойынша мәселенің мән-жайын түсініп тұрмыз», — деп тоқталды Айгүл Шайымова Мәжілісте тілшілердің сауалына жауап беріп. Осы орайда, ол агенттік өз тарапынан тиісті шараларды қабылдап, аталған оқиға бойынша іс-қимылдар жасағанын атап өтті. «Министрдің атына тиісті хат жолданды. Бұл тұрғыда ел азаматтарымен қарым-қатынаста этикалық нормаларды сақтау қажеттігі туралы бағынышты қызметкерлермен қажетті жұмыстарды атқару талабы айтылды», — деді Айгүл Шайымова. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.