«Шешінген судан тайынбас» дейді атам қазақ. Қазақстан аэс саламыз деп белді бекем буып отырғаны белгілі. Тіпті соңғы бір жылда осы тақырып ең көп талқыланатын болды. Сондықтан қазір «өте күрделі жобаны қалай жүзеге асырамыз?» деген жан-жақты талдау жүргізіп жатыр екен. Ең бастысы, «соқыр тауыққа бәрі бидай» деп бір компанияға жабысып қалған жоқпыз. Дәл қазір аэс құрылысын салу бойынша әлемнің ең үздік деген төрт компаниясымен іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Олар: Францияның мемлекеттік EDF компаниясы, Оңтүстік Кореяның мемлекеттік KHNP компаниясы, Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC), Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясы. Енді шорт-параққа іліккен осы төрт елдің бірін таңдаймыз. Себебі Қазақстанда салынатын АЭС қауіпсіздігі жағынан «үшінші буынды» болуы керек деген талап қойылған. Алып құрылысқа құлық танытқан компаниялардың ішінде осы төрттіктің технологиясы біздің талапқа сай келіпті. Әзірге нақты фаворит жоқ. Десе де, екі апта бұрын энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, АЭС бойынша франциялықтармен кездесті деген ақпарат тарады. Ол жиында Париж өкілдері біздің елде атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Түркия тарихындағы алғашқы АЭС құрылысын салып жатқан «Росатом» компаниясы да біздің нарыққа кіруге құлшынып отыр. Орыстар дәл қазір әлем бойынша 24 атом реакторын салып жатыр екен. Әлемнің өзге бірде-бір атом компаниясы мұндай қарқынды құрылысымен мақтана алмайды. Осыған қарап «Росатомның» тәжірибесі мол екенін байқауға болады. Бірақ ел ішінде АЭС құрылысын теріскейдегі көршілер жүргізсе, соларға тәуелді болып қаламыз деген қорқыныш бар. Алайда «Росатомға» санкция салқыны тиіп кетуі мүмкін деген сыбыс шыққалы, бұл күдік сәл де болса сейіле бастады. Қазақстанда АЭС салуға Қытай да «кетәрі» емес. Егер CNNC компаниясы біздің елде салынатын атом электр станциясы жобасына қатысатын болса, өзіміз әзірлейтін ядролық отынмен жұмыс істеу мүмкіндігі туады. Бұл тіпті тиімді болайын деп тұр. Өйткені шикізат қоры бізде жеткілікті. Ақпан айында кореялық KHNP компаниясының делегациясы Астанаға келді. Олар энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовпен, «СамұрықҚазына» АҚ басқарушы директоры Ернат Бердіғұловпен және «ҚАЭС» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикинмен кездесулер өткізді. Тараптар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың алдағы перспективаларын талқылаған. Қазақстанда АЭС салу жобасы бойынша жобаларды қаржыландыру және техникалық жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыру мәселелері қаралды. Өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластықтар жасалды. Осылайша Қазақстан тарапы АЭС салуға қауқарлы деген төрт елдің компанияларымен теңдей талқылаулар өткізді. Бірақ әзірге вендор таңдалған жоқ. Әлі де пысықтайтын тұстары көп. Соңғы сөзді, әрине, Ақорда айтады. 2029 жылға қарай елімізде электр энегриясының тапшылығы сезіле бастайды деген сарапшылар сөзіне сенсек, АЭС құрылысын көп кешіктірмей бастаған дұрыс. Он жылға созылатын мұндай ауқымды жобалар біздің елге керек-ақ.
Диас Нұрақын, журналист