jasqazaq.kz

ӘДЕТТЕГІ ЖАҒДАЙ немесе бізде тендерді кімдер ұтады?

30 мамыр 2021, 13:11


Әкімдіктер іс-әрекеті күмәнді компаниялармен тендерлік келісім жасайды. Бұл жерде әңгіме Қарағандыдағы онкологиялық орталық сияқты аса маңызды әлеуметтік нысанның іргесін кеңейту жөнінде болып тұр. Ал жобаның болашағы бүгінде бұлыңғыр.

Мемлекеттік нысанды тұрғызуға қатысты жарияланған кезекті тендерді «Antares Platinium» компаниясының таңқаларлық жағдайда жеңіп алуы Қарағанды тұрғындарын ойландырып қойды. Жауапсыз (жұмсартып айтқанда) орындаушыға тән белгінің бәрі көрініп тұратын кәсіпорын тендерде қалайша жеңіске жете береді? Осындайларға есікті айқара ашатын кімдер?

Мына бір жәйтке назар аударайықшы. Мұндай компанияларды мемлекеттің тапсырысы бойынша жүзеге асуы тиіс жобаның зор маңызына қарамастан тендерге жібереді. Кәдімгі күрке немесе үй салып жатқандай. Ал әңгіме инженерлік инфрақұрылымы күрделі медицина нысандары туралы. Оның құрылысына тәжірибесі мол мердігер тартылуы керек қой.

Іс жүзінде мұндай жауапкершілікті талап ететін жобаларға кімдердің тартылатынына назар аударайық.

Мемлекеттік кіріс комитеті Қарағандыдағы онкоорталықты кеңейтуге арналған тендерді жеңіп алған құрылыс компаниясына қатысты қызықты мәліметті ұсынды. 2016 жылы «Antares Platinum» бас-аяғы 85 млн теңге салық төлеген. 2017 жылы – 164 млн теңге. 2018 жылы – 4,5 млн теңге. Ал 2019 жылы – 0 теңге! Сонда бұл компанияға не болған? Жабылды ма? Банкротқа ұшырады ма? Жоқ. Кәсіпорын ресми түрде жұмыс істеп тұрды. Тіпті бірқатар жобаларға да қатысып жатты. Онда неге салық төлемеді? Кәсіпорынның аяқ астынан жұмысын тоқтатуы да мүмкін емес. Ол жалақы төлеуі тиіс, ең құрығанда директорына. Онда «салық» деген тарауда тым болмаса 70-80 мың теңге деп жазылар еді. Бірақ ештеңе жоқ!

Ал 2020 жылы салық қайтадан төлене бастады. 7,5 млн теңге.

Шындығында, бұл құрылыс фирмалары үшін үйреншікті жәйт. «Antares Platinum» тапсырыс алғанда ресурстарды бір-біріне «аударып отыратын» компаниялар тобы сияқты. Біреуі тапсырыс алады. Бүкіл техника, жұмыс күші, салық соған кетеді. Тендерде басқасы жеңіп шықса, тапсырыс берушінің алдында әлеуетті боп көрінуі үшін онымен ресурсын бөліседі.
Бұл – қалыпты жағдай. Десе де, көпшілік оны алаяқтық деп біледі. Қалай дегенмен, бұл секем туғызуы тиіс. Өйткені мемлекеттік органдар өз ісіне жауапты серіктеспен жұмыс істегісі келеді. Ал мында кімге тап болғаны белгісіз.

Күмәнді оқиғалар тізбегі

Жуырда баспасөзде «Antares Platinum» ЖШС банкрот деп жарияланғаннан кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерге қатысты деген ақпарат тарады. Банктердің бірі компаниядан қарызын төлеуді талап еткен. Бірақ компания әлгіндей жолмен несие берушіден құтылғысы келген. Иелігіңде компания бар кезде, техникалық тұрғыдан осылай жасауға болады.
«Antares Platinum» заңгері Елена Матяш «Караван» газетіне берген сұхбатында қарыздың болғанын айтты. Банк оны өндіріп алған. Бірақ сот компанияны банкрот деп жариялаған жоқ.

— Бұл шаруашылық қызметтегі қалыпты жағдай ғой, — деді ол.

Бәлкім, «Antares Platinum» ЖШС және сол сияқты өзге кәсіпорындар үшін бұл «қалыпты жағдай» шығар. Қазақстандағы танымал құрылыс компаниялары мұндай сот ісімен «мақтана» алмайтыны белгілі. Өйткені бұл бизнесте беделді сақтау маңызды. Тіпті бір ғана ірі келісімшартты орындамау немесе активтермен байланысты түйткілдің шығуы (әдетте, бұл несие беруші банкпен талас-тартыста көрінеді) жаңа тендерге қатысуға мүмкіндік бермейді. Жалпы ондай компания мемлекетпен жұмыс істей алмайды.
Бірақ бұл қағида «Антареске» жүрмейді.
Бұл кәсіпорын әкімдіктермен кикілжіңге түсуден мол тәжірибе жинаған. Алайда күмәнді тірлігіне қарамастан, осы ЖШС-ны қайта-қайта құны миллиардтарға жететін тендерге тартады. Ақшаны қайда жіберерін білмей ме, әлде осындай жауапсыз құрылыс компаниясымен жұмыс істегісі келетін жекелеген шенеуніктердің өз мүддесі бар ма, кім білсін. Құзырлы орындар осының астарына үңілсе, жақсы болар еді.
Айыппұл мен текетірес
Осы атышулы холдинг Игорь Тарасов деген біреуге тиесілі. Құрылысшылар арасында есімі онша танымал емес. Әйтсе де, оның бизнес-империясының әрекетіне қарасақ, көкелері көп сияқты.

Оның фирмалары қаншама жобаны құрдымға жіберді. Соған қарамастан, тендерді үсті-үстіне жеңіп алады.

2018 жылы Алматы облыстық құрылыс басқармасы және Мемлекеттік сатып алу жөніндегі комитет компанияны жауапсыз қызмет көрсетушілердің тізіміне енгізді. «Antares Platinum» Алматы облысы Іле ауданында суару жүйелерін қайта құру жобасы бойынша зерттеу жүргізуі керек еді. Бірақ келісімді бұзды. Алайда ол кезде сот бұйрықтың күшін жойды.

2019 жылы Ақтөбе әкімшілік соты «Antares Platinum» ЖШС-ға 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Компания бір жобаны іске асырмағандықтан, өзендердің суы тартылып қалды. Серіктестік Қарғалы, Жаман Қарғалы, Илек, Песчанка, Жіңішке, Сазды, Тамды және Бұтақ өзендерінде тазалау, түбін тереңдету және жағасын бекіту жұмыстарын жүргізуі тиіс еді.

Мәселен, прокурорлар Тамды өзенінде жер қазуға жұмсалған шығынның өсіріп көрсетілгенін анықтады. Ал Илек өзенінде жобалаушылар өсіп тұрған бұталар мен орманды кесу керектігін ескермеген. Басқа өзендерге қатысты құжатта да прокурорлар осындай заң бұзушылықты анықтады. Соның гәтижесінде өзендер тартылып, табиғатқа зиян келтірілді. Экология, геология және табиғи ресурсы Мағзұм Мырзағалиев жұмыстың бәрін тоқтатып, жобаны шұғыл түрде қайта пысықтауды тапсырды.

Ал одан бұрын, 2018 жылы Ақтөбе облысында мектеп пен тубдиспансер құрылысы кезінде компанияға қатысты дау шықты. Есеп комитетінің аудиторлары «Antares Platinum» келісімде көрсетілген соманың 30 пайызын — 1,1 млрд теңгені алдын ала алғанын анықтады. Осы ақша бір жылдан астам уақыт бойы компанияның есепшотында жатқан.

Қазір Қарағандыда «Antares Platinum» мен өзге құрылыс компаниясы арасында ірі тендердің нәтижесіне байланысты тартыс өршіді. Олар өзара таласып жатқанда онкодиспансерді кеңейтуге бөлінген қаржы азайып барады. 8 жылдың ішінде қордаланған инфляция жобаға бөлінген қаржының үштен бірін жеп қояды. Демек, болашақ мердігер бетон мен металды аз жұмсап, қабырғасын барынша жұқа етіп, әрлеуді қалай солай жасайды деген сөз. Егер мемлекет тағы да қаржы бөліп, көмектеспесе.

Әлгіндей компаниялардың көздегені де сол.
Өкінішке қарай, «Antares Platinum» сияқты жауапсыз мердігерлердің кесірінен маңызды мемлекеттік жобалар уақытында іске аспай қалады. Оның зардабын қарапайым тұрғындар тартады. Жұрт сапалы медициналық көмектен қағылады. Балаларын заманауи мектепке апара алмайды. Жылдар бойы аса қажетті әлеуметтік нысандардың іске қосылуын күтеді. Ал осындай күмәнді компаниялардың қаншасы облыстарда, қалаларда және аудандарда тендерге тартылып жатыр? Ел аумағында қаншама десеңізші! Ондаған ба? Жүздеген бе?

Талап Тілеген

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде